30 жел, 2019 сағат 14:03

Ұшақ апаты: коттедж иесіне өтемақы төлене ме?

Bek Air әуе компаниясы коттедж иесіне тиісті құжаттарды ұсынған жағдайда өтемақы төлейді. Бұл туралы компания басшысы Нұрлан Жұмасұлтанов мәлімдеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Нұрлан Жұмасұлтановтың айтуынша, егер бұл құрылыс болмағанда жолаушылар аман қалар еді.

«Сіздер түсініңіздер, мұндай жағдайда ұшақ шассисіз және қозғалтқышсыз қонуы әбден мүмкін. Егер ұшақ үйге соғылмаса, онда ұшақ аман қалар еді. Үйдің құжаты болуы керек. Үй иесі құжаттарды ұсынуы қажет. Ол заңды ма, жоқ па?!», - деді Бек Эйр басшысы.

Атап өтсек, қайғылы оқиға 27 желтоқсан таңертең болды. Bek Air әуе компаниясының "Алматы – Нұр-Сұлтан" бағытындағы Fokker 100 ұшағы Алматы маңына құлады.

Ұшақта 93 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған. Апат 12 адамның өмірін қиды, қаза болғандардың ішінде ұшақ командирі бар. Екінші ұшқыш қазір ауруханада жансақтау бөлімінде жатыр.

Президент тапсырмасымен Премьер-министр жетекшілік ететін комиссия құрылды. Тоқаев апаттың себебін анықтап, кінәлілерді қатаң жазалауды тапсырды. 28 желтоқсан елімізде жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды.