23 шіл, 2025 сағат 10:35

Алматы маңындағы қорықта Сібір елігі бейнетаспаға түсті

Фото: видеодан скриншот

Алматы мемлекеттік табиғи қорығы аумағында мекендейтін Сібір елігі – табиғи тепе-теңдіктің маңызды индикаторы. Латынша атауы Capreolus pygargus саналатын бұл жануар – қорықтағы 41 сүтқоректінің бірі.

Сібір елігі теңіз деңгейінен 1200–3000 метр биіктікте кездеседі. Ол аралас жапырақты, қылқан жапырақты ормандарда, субальпі және альпі белдеулерінде тіршілік етеді. Бір шатқалдан екіншісіне көшкен кезде 3000 метрге дейін көтерілуге бейімделген.

Еліктер барлық өсімдіктермен қоректенеді, әсіресе шөп, бұта жапырақтары мен ағаш қабықтары рационында ерекше орын алады. Олар көбіне таңертең, кешке және түнде белсенді жүреді.

Еліктің баласы “еңлік” деп аталады. Еңліктер мамыр айында туады, алғашқы күндері қозғалмай, шөп арасында тығылып жатады. Анасының жанында жүреді. Ал аталық еліктер жеке тіршілік етеді. Жазда – дара, қыстан көктемге дейін – топтасып өмір сүреді.

 Бүгінде қорық аумағы жүйелі түрде қорғалып, жабайы жануарлар үшін тыныш орта қамтамасыз етілген. Бұл – Сібір елігінің санын тұрақты сақтап қалуда маңызды рөл атқарып отыр.