25 мам, 2023 сағат 18:35

Алматы маңындағы көкнәр алқабында дрифт жасаған жүргізуші анықталды


Жетісу облысының полицейлері Алматы маңындағы көкнәр алқабында дрифт жасаған BMW жүргізушісін анықтады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп бұзушы, яғни BMW автокөлігінің иесі - 34 жастағы Кербұлақ ауданының тұрғыны. 

«Жүргізушінің іс-әрекетінде ҚР ӘҚБтК-нің 386-бабында (Жасыл екпелерді күтiп-ұстау және қорғау қағидаларын бұзу) көзделген заңбұзушылық қарастырылған. Белгілі болғандай, ер адам қазір жұмыс бабымен іссапарда. Қайтып келгеннен кейін ол қолданыстағы әкімшілік заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылады. Іс бақылауға алынды», – делінген облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің хабарламасында.

Еске салайық, әлеуметтік желіде BMW түсірілген видео тарап жатыр. Кадрларда көлік жүргізушісі гүлдер алқабында айналып жүргені көрсетілген.