24 мау, 2021 сағат 11:15

Алматы маңында ұшақ апатынан зардап шеккендер ауруханадан шықты


Әуе апатынан жарақат алған ҰҚК қызметкерлері ауруханадан шығарылды. Бұл туралы №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат". 

«Екі әскери қызметкер де толық емдеуден өткеннен кейін №4 қалалық клиникалық аурухананың стационарынан қанағаттанарлық жағдайда шығарылды. Олар 95 күн ем алды», - деді №4 қалалық клиникалық аурухананың бас дәрігері Сағи Бейсенбеков. 

Еске сала кетейік, 13 наурыз күні Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22 кезінде радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшыраған еді. 

Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақатпен Алматы қаласының №4 қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді. 

Ұшақ апаты болған жерге қала әкімі Бақытжан Сағынтаев барып, зардап шеккендерге барынша көмек көрсетуді міндеттеді. 

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әуе апатының себептерін анықтауды тапсырған болатын. 

Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Алматыда апатқа ұшыраған ұшақтың қара жәшігіндегі деректер тексеріліп жатқанын мәлім етті.