Фото: Polisia.kz
Ішкі істер министрлігі «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында жүргізген арнайы операция барысында Алматы облысынан жасырын есірткі зертханасы анықталып, оның қызметі тоқтатылды. Polisia.kz таратқан мәліметке сәйкес, операция Шу қаласынан Алматы облысына дейін «бақыланатын жеткізу» әдісімен жүзеге асқан.
Қарасай ауданына қарасты «Тұрар бақшасы» елдімекенінде орналасқан зертханада синтетикалық есірткі өндіру және оны тарату ісімен айналысқан қылмыстық схема жойылды. Оны көрші елдің екі азаматы ұйымдастырған.
Жедел іс-шаралар барысында 11 келіден астам «мефедрон» есірткісі тәркіленіп, шамамен 35 мың бір реттік доза айналымға түспей қалды. Оның қара нарықтағы құны 1,6 миллион АҚШ долларына бағаланады.
Зертханаға жүргізілген тінту кезінде қосымша 20 литр және 115 килограмм психотроптық зат, сондай-ақ екі тоннадан астам прекурсор (есірткі дайындауға қажетті химиялық заттар) тәркіленген. Мамандар бұл көлемнен шамамен 120 килограмм синтетикалық есірткі дайындалуы мүмкін екенін айтып отыр. Осылайша, қылмыстық ортаға 17,5 миллион АҚШ доллары көлемінде залал келтірілді.
Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды.
