06 там, 2021 сағат 22:19

Алматы «қою қызыл аймаққа» енді: Бекшин жаңа қаулыны түсіндірді


Алматының бас санитарлық дәрігері Жандарбек Бекшин коронавирус бойынша қаланың «қою қызыл» аймаққа ауысқаны туралы жаңа қаулыны түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Спикер 29 шілдедегі қаулыға сәйкес, 2-16 тамыз күндері «қою қызыл» аймақ бойынша шектеу шаралары енгізілгенін атап өтті. 

«Еліміздің бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Атырау және Қарағанды қалаларында тамыздың 2-нен 16-на дейін «қою қызыл» аймақ бойынша, яғни демалыс күндері шектеу шараларын енгізу керектігі айтылған. Осыған байланысты біз де қаулы қабылдадық. 

Бұл жұмыс аурудың алдын алу үшін қажет. Жағдайдың өте күрделі екенін өздеріңіз де көріп отырсыздар. Жаңа ғана әріптесім Нариман Болтайұлы (Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы - ред.) денсаулық сақтау инфрақұрылымымыз қандай қиын жағдайда жұмыс істеп жатқанын, медицина қызметкерлері ауруды төмендету үшін қандай күрделі жұмыс атқаратынын айтып берді. 

Біз де шектеу шараларын енгіздік, енді барлық нысандар «Ashyq» жүйесінде болмаса, жұмыс күндері де жабық болады. Ал жүйеге қосылғандар – жұмыс күндері 20:00-ге дейін қызмет көрсете алады. Демалыс күндері барлық нысандар «Ashyq» жүйесінде болса да, жұмыс істемейді», - деп түсіндірді Бекшин.