Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қалалық денсаулық сақтау жүйесі коронавирусқа қатысты жағдай нашарлаған жағдайда науқастарды қабылдауға дайын деп сендірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Жалпы алғанда, қаланың барлық емдеу мекемелерінде төсек-орын жеткілікті. Бүгінгі күні қосымша 7 мыңнан астам орын дайындалды, 5 мыңнан астам төсек–орын резервте тұр. Бүгінгі күні оның 34%-ы ғана бос емес. 255 реанимациялық төсек бар. Қазір оның 60-тан астамы қолданыста. Қалғаны резервте. Дәрі-дәрмекте жетеді», - деді шаһар басшысы Almaty Invest форумында.
Сондай-ақ, ол заманауи әрі сапалы медициналық құрал-жабдықтардың сатып алынғанын тілге тиек етті. Медициналық персоналдың кадрлық резерві 2 мыңнан астам адамды құрайды.
«Егер жағдай қиындаса, қаланың денсаулық сақтау жүйесі науқастарды қабылдауға дайын деп сендіре аламын», - деді әкім.