02 сәу, 2020 сағат 13:47

Алматы қаласына облыс тұрғындары қашан кіре алады?

Облыстағылар Алматыға тек карантин біткен соң ғана кіре алады. Бұл туралы Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов онлайн брифингіде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Облыстағылар қалаға карантин режімі аяқталғаннан кейін ғана кіре алады. Оның қашан аяқталатынын ешкім білмейді. Өкінішке орай, қазір еліміздің барлық өңірінде коронавирус індетін жұқтырғандар саны өсіп келеді. Олардың қатарында Алматыда бар. Сондықтан нақты айта алмаймыз», - дейді Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов.

Сондай-ақ, ол Алматыда еліміздің басқа өңірінен келіп жұмыс істеп жатқан адамдардың кетуге мәжібүр болғанын айтты.

«Көптеген азамат Алматыда жұмыс істеп, күнелтіп жүрді. Өздеріңіз білесіздер Мемлекет басшысы табысынан айырылған адамдардың барлығына көмек көрсетуді тапсырды. Бұл 3 миллионнан астам адам. Олардың барлығына бір реттік көмек көрсетіледі. Көптеген кәсіпорындар үшін жеңілдіктер қарастырылды. Бұл шаралардың барлығы тұрақтылықты сақтау үшін жасалды. Менің ойымша, біз бұл сынақты бірге өтеміз және бізде бәрі жақсы болады», дейді Ерлан Қожағапанов.