Алматы дәріханаларында маска жеткілікті, күн сайын мониторинг жүргізіліп отырады. Бұл туралы Алматы қаласы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Айзат Молдақасымова брифинг барысында айтты, - деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».
«Келісім бойынша өндірушілер 70 дәріханаға жеткілікті деңгейде әрі қолжетімді бағада маска жеткізіп жатыр. Кеше бұл дәріханаларда 144 мың маска болса, бүгін 250 мыңға жуық. Келісім бойынша бір адамға он данадан артық берілмейді және үш қабатты медициналық маска – 87, фильтрі бары 111 теңгеден аспауы керек. Бұл республика бойынша ең төменгі баға. Қалада маска жеткілікті», - дейді Айзат Молдақасымова.
Сондай-ақ ол арнайы органдармен тәркіленген маскалар да медицина мекемелері мен дәріханаларға жеткізілгенін айтты.
Айта кетерлігі, Алматыда 5 дәріхана ұйымында дәрі құны заңсыз көтерілген.
Алматы бойынша ТЖ жағдайында әлеуметтік маңызы жоғары 103 дәрілік заттың атауы тізімделген.
«Бұл дәрілердің бағасын көтермеу жайлы қалалық әкімдік пен Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, Фармацевтикалық қызметті қолдау мен дамыту қауымдастығының арасында меморандумға қол қойылған. Алматы әкімдігі мен департамент қызметкерлері қаланың 8 ауданында күнделікті бағаларға мониторинг жүргізеді», - деп атап өтті Департамент басшысы.
Тексеру нәтижесінде 135 дәріхана ұйымы ішінде 5 дәріханада дәрі бағасын негізсіз көтерілгені анықталды.
«5 дәріханада дәрі бағасы негізсіз қымбаттаған. Бұл меморандум мен бірқатар заңнаманы бұзу болып табылады. Дәріхана ұйымы басшысына хаттама толтырылып, әкімшілік сотқа жолданды. Оларға 97 мың мен 235 мың теңге аралығында айыппұл қарастырылған», - деді Айзат Молдақасымова.