Алматыда жергілікті бюджеттен медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға 60% -дан астам қаржы бөлінді. Бұл туралы Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн-сұхбат барысында Жоғары медициналық колледждің директоры Светлана Сұлтанғазиева айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жоғары медициналық колледж Алматы қаласының практикалық денсаулық сақтау мамандарын дипломнан кейінгі даярлаумен айналысады. Колледж құрамында денсаулық сақтау саласында қосымша білім беру бағдарламаларын іске асыратын оқу-әдістемелік орталық бар.
Медицина мамандарының біліктілігін арттыру 3 түрлі жолмен жүзеге асады:
- бейіні бойынша жетекші отандық мамандарды тарта отырып, ел ішінде медицина кадрларының біліктілігін арттыруды ұйымдастыру;
- Алматы қаласына шетелдік жетекші мамандарды тарту және семинар-тренингтер (мастер-кластар) өткізу арқылы медицина кадрларының біліктілігін арттыруды ұйымдастыру);
- шетелдік білім беру ұйымдарына немесе клиникалық орталықтарға жіберу арқылы мамандардың біліктілігін арттыруды ұйымдастыру.
Оқу әдістемелік орталығында симуляциялық орталық (17 манекен мен фантом, оның 4-уі компьютерлендірілген), ана мен баланы қорғау орталығы және қосымша білім беру бөлімі жұмыс істейді.
Оқыту ана мен баланы қорғау, қабылдау бөлімшесінің жұмысын ұйымдастыру, шұғыл медициналық көмек көрсету (халықаралық стандарттар: BLS, ACLS, PALS, PHTLS), Эпидемиология, клиника бойынша жүреді.
Енді бұл бағыттарға COVID-19 профилактикасы, COVID-19-ға күдікті науқастармен қауіпсіз жұмыс саласы қосылып жатыр.
«Биыл КВИ (Коронавирустық инфекцияның) диагностикасы және емдеу, жаңа инфекциялық клиникаларда жұмыс істеу үшін медицина қызметкерлерін даярлау бойынша тақырыптар басым болды. Осы өзекті тақырыпқа шетелдік (Израиль, Германия, Ресей, Испания, Англия, Корея және т.б.) және отандық мамандарды тарта отырып, біліктілікті арттырудың 40-тан астам циклы өткізілді. КВИ (Коронавирустық инфекцияның) тақырыбы бойынша тәжірибелік денсаулық сақтаудың 3 мыңнан астам қызметкері оқытылды. Басқа циклдарда 4,5 мыңға жуық маман оқытылды», - деді спикер.
Светлана Сұлтанғазиваның айтуынша, жылдан жылға дәрігерлер мен орта медицина қызметкерлерін дипломнан кейінгі даярлауға жергілікті бюджеттен қаржыландыру өсіп келе жатыр.
Өткен жылдармен салыстырғанда 2020 жылы Алматы қаласының медицина қызметкерлерінің біліктілігін арттыруға жергілікті бюджеттен 60%-дан астам қаржы бөлінді.
«2020-2021 оқу жылдарында біздің колледжде оқу үшін 325 грант бөлінді, ал алдыңғы жылдары грант саны 225-тен аспаған. Мұның бәрі Алматы қаласы әкімдігінің жергілікті атқарушы органының тәжірибелік денсаулық сақтау проблемаларына жіті назар аударатынын білдіреді», - деп толықтырды ол.