Алматы қаласының Мобильділік басқармасы қоғамдық көліктердің 70 жүргізушісі жұмыстан қандай себеппен шығарылғанын түсіндірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қалалық мобильділік басқармасынан атап өткендей, 5 311 жүргізуші Алматы қаласы бойынша қоғамдық көлік жүргізушілерінің бірыңғай мәліметтер базасының тізіміне енгізілді. Бүгінде оның 3693-і нақты жұмыс істейді.
«Қара тізімде» 124 жүргізуші бар. 2020 жылдың сегіз айында 559 заң бұзушылық тіркелген, 70 жүргізуші жұмыстан шығарылды», - деп хабарлады басқармадан.
Қоғамдық көлік жүргізушілері көбіне жол қозғалысы ережелерін жүйелі түрде бұзғаны үшін жұмыстан шығарылады.
«Атап айтсақ, жол қозғалысына кедергі келтіргені үшін, бірнеше рет жол-көлік апатын жасағаны үшін, аялдамада себепсіз ұзақ уақыт тоқтап тұрғаны үшін, сондай-ақ «Onai» құрылғысын жүйеден рұқсатсыз ажыратып, жолаушыларға билет бермегені үшін және қоғамдық көліктегі адамдарға дөрекілік танытқаны үшін, автобуста бірнеше рет темекі шеккені үшін жұмыстан босатылады»,– деп жауап берді Алматы қалалық Мобильділік басқармасынан.