03 қар, 2020 сағат 11:15

Алматы ауруханаларында коронавирустың екінші толқынына дайындық жоспары жасалды

Алматыдағы № 8 қалалық емхананың бас дәрігері Фарида Ағыбаева тұрғындардың, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің жоғары сырқаттанушылығына жол бермеу мақсатында және коронавирус инфекцияның ықтимал екінші толқынына дайындық бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, емханада коронавирус инфекциясымен күрес бойынша арнайы штаб құрылған.

«2020 жылдың наурыз айынан бастап КВИ күресу бойынша эпидемияға қарсы, емдеу-диагностикалық іс-шараларды жүргізуді ұйымдастыру, үйлестіру және бақылау бойынша жауапты лауазымды адамдардан тұратын штаб жұмыс істейді. Басқарушылық шешімдерді қабылдау және орындау үшін емхана штабының әр мүшесінің функционалы анықталған. Материалдық және материалдық емес ресурстар бойынша тиісті есептеулері бар COVID-19 эпидемиясының екінші толқынына емхананың дайын болу жоспары әзірленіп, SWOT – талдау жасалған. Негізгі және қосалқы үдерістер бөлінісінде дайындықты бағалау бойынша чек-парақтар әзірленді. ЖРВИ/ КВИ-мен пациенттің бағдар жолы дайындалды», – дейді дәрігер.

Сонымен қатар, ол медицина мекемесі «лас» және «таза» аймаққа бөлінгенін атап өтті.

«Бізде «лас» және «таза» аймақ бар. Сондай-ақ балалар мен жүкті әйелдерге арналған жеке фильтр кабинеттері ұйымдастырылды. Пациенттер ағымын сұрыптау үшін дәліздер орнатылды. Емхана кіреберісінде барлық келушілердің дене қызуын өлшеуге арналған контактісіз өлшеуіш қондырылған орнатылды. Бірінші қабатта фильтр мен оқшаулау кабинеті ұйымдастырылған, ол жерде COVID-19 тудыратын клиникалық белгілері бар пациенттерді анықтау мақсатында оларға байланыссыз термометрия және сауалнама жүргізіледі. Симптомдар анықталған жағдайда, бала уақытша оқшаулау изоляторына орналастырылады. Педиатр дәрігер қарағаннан кейін, пациент амбулаториялық емдеуге жіберіледі немесе провизорлық стационарға емдеуге жатқызылады», – деді спикер.

Сондай-ақ, дене қызуы жоғары балалар емханаға кіргізілмейді. Емханада балаларды қабылдау алдын ала жазылу арқылы жүзеге асырылады.

«№8 емханада КВИ ауруының симптомсыз, жеңіл, орташа түрі бар науқастарды медициналық бақылау бойынша 12 мобильді топ құрылды. Мобильді бригадалар нормативтік талаптарға сәйкес жабдықталған, соның ішінде жедел шұғыл көмек көрсетуге арналған жиынтықтармен жабдықталған. Осылайша, мобильді бригадалар эпидемиялық жағдайға байланысты медициналық қызметтер кешенін көрсетеді: үйге шақыру бойынша қызмет көрсету, пациенттерге консультация беру (аудио-видео), биологиялық материалдар үлгілерін жинау, ем тағайындау қарастырлған. Бүгінгі күні мониторингте симптомсыз 2 науқас бар», – дейді Фарида Ағыбаева.

Дәрігердің айтуынша, жалпы практика дәрігерлерінің бөлім меңгерушілері ЖРВИ, коронавирус инфекциясы, қауіп тобындағы пациенттерге арнайы бақылау жүргізеді.