13 нау, 2021 сағат 17:56

Алматы әкімі ұшақ құлаған жерге барды

Бақытжан Сағынтаев ұшақ апатынан зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетуді тапсырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қаланың әуежайында болған АН-26 ұшағы құлаған жерге барды.

Қала басшысы Twitter аккаунтында жағдайды бақылауда ұстап отырғанын мәлімдеді.

«АН-26 әскери ұшағы құлаған жерге бардым. Тиісті қызмет өкілдеріне болған оқиғаның салдарын жоюды тапсырдым. Қаза болғандардың туыстары мен жақындарына көңіл айтамын. Зардап шеккендерге барлық қажетті медициналық көмек көрсетілуде», - деп жазды Сағынтаев.

Еске сала кетейік, бүгін Нұр-Сұлтан-Алматы бағытында келе жатқан АН-26 әскери ұшағы 17.22-де радардан жоғалып, қала әуежайы маңында апатқа ұшырады. 

Ұшақта болған 4 адам қаза тапты. 2 адам түрлі жарақаттармен Алматы қаласының 4-қалалық клиникалық ауруханасына жеткізілді.