07 жел, 2020 сағат 14:00

Алматы әкімі мегаполистегі эпидемиологиялық жағдай туралы айтты

Қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде мегаполисте қалыптасып жатқан санитарлық-эпидемиологиялық жағдай туралы айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Алматы әкімі келтірген мәліметке сәйкес, қалада коронавирус індетін жұқтырған 16 534 жағдай тіркелген (100 мың тұрғынға шаққанда 828,13), соның ішінде 10 004-і симптомды, ал 6530-ы симптомсыз. Алтыншы желтоқсан күні 67 КВИ жұқтырған. Соның ішінде 53 жағдай симптомды, 14 жағдай симптомсыз. Пневмониямен ауырған 6 жағдай тіркелді. 

«Алматы қаласы 2 желтоқсаннан бастап «жасыл» аймаққа енді. Жағдай қараша айында коронавирус инфекциясының таралуына ықпал ететін факторларды бейтараптандыру, қолданыстағы карантин шараларын сақтау және оны бақылауды күшейту арқылы тұрақтандырдық», - деп атап өтті Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев.

Алматы қаласында КВИ ауруының өсуі қазан айында басталды. Егер қыркүйек айында жұқтырушы саны 165 жағдайды көрсетсе, қазан айында қауіпті індетке шалдыққандар саны 366-ға жетті. Қарашада 1 399 жағдай тіркелді, қазан айымен салыстырғанда ауру жұқтыру 3,8 есеге өскен.

Тәуліктегі өсім — 0,4%, репродуктивті саны — 0,98.

Халықтың КВИ-ге неғұрлым бейім контингенті — 20-дан 60 жасқа дейінгі азаматтар, олар қараша айында науқастардың 60%-ын құрады: 

- 14 жасқа дейін — 9% (126 жағдай);

- 15–19 жас — 4% (54);

- 20–39 жас — 32% (451);

- 40–59 жас — 29% (408);

- 60 жастан жоғары — 26% (360).

КВИ жұқтырудың негізгі ортасы: – ауру жұқтырушының отбасы мүшелерімен байланысы – 35% (491 жағдай);

– науқаспен жұмыс немесе оқу орны бойынша байланыс – 3% (37 жағдай);

– шет елдерден және ҚР өңірлерінен әкелу –6% (78 жағдай).

Инфекцияны жұқтырудың ықтимал орындары: 

– дүкен, дәріхана, СОО-ға, қоғамдық тамақтану орындарына бару –22% (306 жағдай);– базарға бару – 12% (167 жағдай); 

– медициналық ұйымдарға бару – 6% (80 жағдай);

– қоғамдық көлікті пайдалану – 16% (228 жағдай); 

– отбасылық іс-шараларға қатысу 1% (12 жағдай).