29 қар, 2019 сағат 08:51

Алматы әкімі: «Алматыда орташа айлық жалақы 220 мың теңгеден асты»

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар кызметіндегі баспасөз конференциясында Алматы қаласының әкімі өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының 2019 жылдың 10 айының қорытындысымен бөлісті, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».

«Алматы қашанда Елбасы мен президенттің назарын сезінеді және болашаққа батыл қарайды. Қала жылдам дамуда. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлау алдындағы бағдарламасы және оның алматылықтардың өмір сүру сапасын арттыру бойынша берген тапсырмасы жүйелі жүзеге асуда» деді Бақытжан Сағынтаев.

Оның айтуына қарағанда, 2019 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша қала экономикасының барлық салаларында оң динамика байқалады. Өнеркәсіп - 5,1%-ға, инвестиция - 3,1%-ға, бөлшек сауда - 11,8%-ға, көтерме тауар айналымы - 1,3%-ға, құрылыс 3,2%-ға өсті. Тұрғын үйді іске қосу 8,8%-ға (1 552,5 мың шаршы метр) ұлғайған.

«Алматылықтардың нақтылы табысы 6,7%-ға өсті: биылғы жылдың 3 тоқсанында орташа айлық жалақы 220 мың теңгеден асты. Жыл басынан бері 40,4 мың жаңа жұмыс орны ашылды. Жұмыссыз азаматтарды және NEET санатындағы жастарды еңбекпен қамту бойынша жекелеген жұмыстар жүргізілуде» дейді әкім.

Сонымен қатар ол,  еңбекпен қамтудың 12 мобильді орталығы құрылғанын атап өтті.

«Қалалықтарды ауызсумен 100% қамтамасыз ету басты мәселенің бірі деп есептеймін. 23 ықшамаудандағы 105 мың тұрғынды ауызсумен және кәріз жүйесімен қамтамасыз ету үшін барлық жұмыстарды 2023 жылы аяқтауды жоспарлаудамыз» деп атап өтті Алматы әкімі.

Сонымен қатар, бұрын жарығы болмаған 208 көшеге сыртқы жарық орнатудың құрылысы аяқталды. Келер жылы 1176 көшені жарықтандыру реттеледі. Осылайша жарықтандыруда 100% көрсеткішке қол жететін болады.