07 қаз, 2025 сағат 10:51

Алматы әкімдігі Баум тоғайындағы ағаштар кесіледі деген ақпаратқа түсініктеме берді

Фото: Gov.kz

Баум тоғайында ағаштар кесіледі деген ақпарат әлеуметтік желілерде тарағаннан кейін, Алматы қаласының әкімдігі ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Ult.kz.

Қалалық Экология және қоршаған орта басқармасына қарасты «Медеу» мемлекеттік өңірлік табиғи саябағының хабарлауынша, тоғай аумағында 104 429 ағаш пен 5081 бұта бар. Барлығы мемлекеттік орман қорының құрамына кіреді және ерекше қорғалатын табиғи аумақ саналады.

Басқарма мәліметінше, қазір мұнда бекітілген санитарлық-сауықтыру жобасы аясында қураған бұтақтарды кесу, зиянкестерге қарсы өңдеу және тазарту жұмыстары жүргізілуде. Ағаштарды жаппай кесу жоспарда жоқ.

2026 жылы аумақты абаттандыру шеңберінде мыңнан астам жаңа ағаш отырғызу көзделген. Бұған дейін еріктілердің қатысуымен алма, емен, шырша және өрік ағаштарының екі мыңнан астам көшеті егілген.

Абаттандыру кезінде экологиялық таза материалдар қолданылып, жаяу жүргіншілер жолдары мен энергия үнемдейтін жарық шамдар орнатылады.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, атқарылып жатқан барлық шаралар Алматының бірегей табиғи аумағын сақтау мен жаңғыртуға бағытталған.