Фото: Polisia.kz
Жолаушылар
тасымалы АҚ-ның «Оңтүстік» филиалы қызметкерлеріне қатысты сотқа дейінгі тергеу
жүргізілуде. Бұл туралы Көліктегі полиция департаменті хабарлады.
Қылмыстық іс
алдау немесе сенімді теріс пайдалану арқылы мүліктік залал келтіру фактісі
бойынша (ҚР ҚК 195-бабының 5-бөлігі) қозғалған.
Департаменттің
мәліметінше, қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған
қажетті тергеу амалдары жүргізілуде. ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің
201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілмейді.
Компания басқарма
төрағасы Дияр Нүсіпқожанов тергеу Алматы-1 темір жолының жүк бөлімшесі
қызметкерлеріне қатысты жүргізіліп жатқанын нақтылады.
Оның айтуынша,
компания құқық қорғау органдарына толық қолдау көрсетіп, жүк тасымалы саласында
кешенді тексерулер жүргізуде. 2025 жылдың қыркүйегінде өткен ішкі қызметтік
тергеу нәтижесінде жүк бөлімшесінің бір қызметкерімен еңбек шарты бұзылған.
Сонымен қатар бірнеше қызметкер мен басшы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Олардың қатарында
жүк пен багаж қабылдап-тапсырушы, «Оңтүстік» филиалы директорының жүк тасымалы
жөніндегі орынбасары, Оңтүстік өңірлік учаскесінің бастығы – жүк тасымалын
ұйымдастыру бөлімінің басшысы, сондай-ақ жүк бөлімшесінің меңгерушісі бар.
Компания басшысы жүктерді рәсімдеу және тасымалдау процестерінің ашықтығын арттыру мақсатында цифрлық шешімдер енгізіліп жатқанын атап өтті. Қойма штаттық режимде жұмысын жалғастыруда.
