10 қаз, 2021 сағат 23:10

Алмат Кебіспаев - Әлем чемпионатының қола жүлдегері


Қазақстандық балуан Алмат Кебіспаев Ослодо өтіп жатқан Әлем чемпионатының қола жүлдесіне ие болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Норвегияда өткен күрес түрлерінен әлем чемпионатының соңғы жарыс күнінде Қазақстан қоржынына қола медаль түсті.

Алмат Кебіспаев грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жұбаныш белдесуінде Мурат Фиратты (Түркия) 7:4 есебімен жеңіп, қола жүлдеге ие болды.

Алдымен төреші Кебіспаевты партерге жатқызғаннан кейін түрік балуаны 3:0 есебімен алға кеткен еді. Екінші кезеңде Алматқа сондай мүмкіндік берілгенде, есе қайтарып, есепті 7:4-ке жеткізді.

Нәтижесінде, құраманың көшбасшысы әлем чемпионатының бес дүркін жүлдегері атанды. 

Айта кетерлігі, Алмат Кебіспаев бұған дейін грек-рим күресінен әлем чемпионатының бір күміс және үш қола медалін жеңіп алған.