11 нау, 2026 сағат 11:20

Допинг дауы: IBF Жәнібек Әлімханұлын титулдан айырды


Фото: Instagram/janibek_alimkhanuly


International Boxing Federation (IBF) қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлын орта салмақтағы әлем чемпионы атағынан айырды. Бұл туралы 10 наурыз кешінде Қазақстанның кәсіби бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Ult.kz.


Оның айтуынша, IBF директорлар кеңесі чемпиондық белбеуді бос деп жариялау туралы шешім қабылдаған. Федерация ережесіне сәйкес, кез келген чемпион өз титулын тоғыз ай ішінде қорғауы тиіс. Алайда қазіргі жағдайға байланысты бұл талап орындалмаған.


IBF жолдаған хатта Жәнібек Әлімханұлының 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін шеттетілгені көрсетілген. Осыған байланысты ұйым 2026 жылғы 5 наурызда титулды дереу бос деп жариялау туралы шешім қабылдаған.

Рахымжан Ерденбековтің айтуынша, бұл жағдай боксшы командасы үшін үлкен сабақ болған.


“Жәнібек биыл үлкен рингке бұрынғыдан да мықты болып оралады деп сенеміз. Ол алдағы уақытта төрт бірдей әлем титулын жеңіп алуға қауқарлы”, – деді федерация басшысы.


Сонымен қатар, Әлімханұлының командасы бұл шешімге қатысты апелляциялық шағым түсірмек.


Айта кетейік, 2025 жылдың желтоқсанында Жәнібек Әлімханұлы допинг-тесттен өте алмай қалған. Осыдан кейін Қазақстанның кәсіби бокс федерациясы оны алты айға жекпе-жектерден шеттеткен.


Соңғы дисквалификацияға қарамастан, боксшы әлі де World Boxing Organization (WBO) нұсқасы бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы болып саналады. Ақпан айында ұйым оң допинг-тестіне байланысты оны 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін бір жылға шеттеткен.