Фото: Instagram/porschetennis
Әлемнің екінші ракеткасы Елена Рыбакина Германияның Штутгарт қаласында өткен WTA 500 санатындағы беделді турнирде топ жарып, жарыстың екі дүркін чемпионы атанды, деп хабарлайды Ult.kz.
Финалда қазақстандық теннисші әлемдік рейтингте 12-орында тұрған чехиялық Каролина Муховамен кездесті. Бұған дейін қарсыластар үш мәрте жолығып, оның екеуінде Мухова басым түскен еді.
Шешуші матчты Рыбакина сенімді бастады — алғашқы геймдерде 3:0 есебімен алға шықты. Алайда сетке доп берген сәтте қателікке бой алдырып, есеп теңесті — 5:5. Соған қарамастан, қазақстандық теннисші тағы бір брейк жасап, алғашқы партияны 7:5 есебімен өз пайдасына аяқтады.
Екінші сетте Рыбакина толық басымдық танытты. Қос брейк жасап, 5:0 есебімен алға шығып, матч тағдырын іс жүзінде шешті. Ақырында чемпиондық ұпайды сәтті орындап, кездесуді 6:1 есебімен түйіндеді.
1 сағат 19 минутқа созылған ойында Рыбакина 3 эйс жасап, 8 брейк-пойнттың төртеуін тиімді пайдаланды. Ал Мухова 2 эйс пен 1 брейкке қол жеткізді.
Осылайша, Елена Рыбакина Штутгарттағы турнирде екінші рет чемпион атанып отыр. Айта кетейік, ол бұл жарыста 2024 жылы да жеңіске жеткен болатын. Өткен маусымда қатыспағанына қарамастан, қазақстандық спортшы Штутгарттағы жеңіс сериясын 8 матчқа дейін жеткізді.
