Фото: ашық дереккөз
Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі алимент төлемей, шетелге кетіп қалған қазақстандықтардың қарызы туралы мәлімет жариялады, деп хабарлайды Ult.kz.
Вице-министр Даниель Ваисовтің айтуынша, қазіргі кезде 106 сот шешімі орындауға жіберілген. Ал алимент бойынша берешектің жалпы сомасы 47 млн теңгені құрайды.
Оның ішінде ең көп қарыз Ресейге тиесілі. Атап айтқанда, Ресей Федерациясына қатысты 73 орындау қағазы жолданған (32 млн теңге). Өзбекстан бойынша 24 іс (11 млн теңге) тіркелген. Сондай-ақ Украинадан – 2, Әзірбайжаннан – 1 орындау қағазы бар. Қалған қарыз Беларусь пен Қырғызстанға тиесілі. Вице-министр бұл мәліметті Сенатта өткен брифингте айтты.
Сонымен қатар, Қазақстанда алимент төлеуден жалтарып жүрген шетел азаматтары да бар. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне өзге елдердегі сот шешімдерін орындау бойынша 12 өтініш түскен.
Қазір бұл істер Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты қарауында жатыр.
