19 там, 2019 сағат 14:02

Әлеуметтік сақтандыру қоры медицина ұйымдарына 630 млрд теңге төледі

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамы жыл басынан бері мемлекеттік тапсырыс бойынша көрсетілген қызметтер үшін 630 млрд теңге төледі. Қаржы кепілдендірілген тегін медициналық көмек топтамасы аясында бөлінді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" аталған қордың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«2019 жылы 19 тамызындағы мәліметтер бойынша, қормен келісімшарт бекіткен жеткізуші компанияларға 630 млрд теңге төленді. Бұл кепілдендірілген медициналық көмек топтамасы аясында бекітілген келісімшарттардың жалпы сомасының 71 пайызы», - деді ӘМСҚ басқарма төрағасының орынбасары Ботагөз Жақселекова.

2019 жылы ӘМСҚ кепілдендірілген көмек түрлерін көрсетуге құлшыныс білдірген медицина ұйымдарымен 889 млрд теңгенің келісімшартын бекіткен болатын. Бұл өткен жылы бөлінген қаржыдан 6 пайыз артық.

«Жұмыс кестеге сай жүріп жатыр», - деді Ботагөз Жақселекова.

Биыл мемлекеттік тапсырысты орындауға 1416 медицина ұйымы атсалысып жатыр. Оның ішінде 708 жеке меншік клиника да бар. Биыл олардың саны 2018 жылмен салыстырғанда 64-ке артқан.

Мемлекеттен тапсырыс алған жеке меншік клиникалар саны жағынан Шымкент, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Қызылорда және Жамбыл облыстары көш бастап тұр.