Елордада 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті 61 мыңнан астам адам алды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов Instagram парақшасында жазды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Елордада 42,5 мың теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті 61 мыңнан астам адам алды. Осындай көмек алу үшін 200 мыңнан астам өтінім келіп түсті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік төлем алушылардың тізімі кеңейтілді. Өтінімдерді « Азаматтарға арналған үкімет « КЕАҚ және мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорымен (МӘСҚ) бірге қарастырып жатырмыз. Қалалық штаб демалыссыз күшейтілген тәртіпте жұмыс істейді», - деп атап өтеді қала басшысы.
Оның дерегінше, өтінішті «Электрондық үкімет» веб-порталы, telegrambot egov.kz немесе 42500.enbek.kz сайты арқылы электрондық форматта беруге болады. Қосымша ақпарат алу үшін жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына 55-14-87, 55-01-74, 55-69-59, 55-67-12 телефондарына және 109 (iKomek) нөміріне хабарласу қажет.
«Сондай-ақ, халықты қолдаудың басқа да шараларын іске асырып жатырмыз. 4 АЕК мөлшерінде қосымша әлеуметтік көмекті 41 мың отбасы алады. Олар – I,II, III топтағы мүгедектігі бар азаматтар, ерекше қажеттілігі бар балалар, ерекше қажеттілігі бар баланың күтімімен айналысатын ата-аналар, АӘК алушылар. Елбасының тапсырмасына сәйкес халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына «Birgemiz« ҚҚ картаға 50 000 теңге аудара бастады. Сонымен қатар, «Nur Otan« партиясымен бірлесе отырып, «Birgemiz« акциясы аясында 6 мың аз қамтылған отбасыға азық-түлік себеті берілді. Наурыз айында азық-түлік себеті түріндегі кепілді әлеуметтік пакетті 2700 отбасыдан астам алды, 4,5 мың бала қамтылды. Мемлекеттік әлеуметтік көмек сәуір айында да беріледі. Жыл басынан бері (АӘК) атаулы әлеуметтік көмек 3 мың 400 отбасыға тағайындалды»,- деді Алтай Көлгінов.