11 нау, 2021 сағат 11:16

Әлемде инфляция жеделдей түсуде – Досаев

Әлемде инфляция жеделдей түсуде. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Ынталандырушы фискалдық және монетарлық шаралар нәтижесінде әлемдегі инфляция мен инфляциялық күтулер жеделдей түсуде. АҚШ-та инфляция биылғы жылғы қаңтарда 1,4 пайызға жетіп, 2020 жылғы маусымнан бастап біртіндеп өсуде. Сонымен бірге, Еуроодақта 2021 жылдың басында бағаның күрт өсуі байқалады. Нәтижесінде инфляция өткен жылғы желтоқсандағы 0,2 пайыздан биылғы қаңтарда 1,2 пайызға дейін өсті», - деді 2021 жылдың қаңтар-ақпанында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында баяндаған Ерболат Досаев. 

Осы ретте Ұлттық банк төрағасы әлем державаларының орталық банктері қазіргі уақытта еңбек нарығының жай-күйін ескере отырып, ынталандырушы саясат бағытын растай бастағандығын айтады. 

«Мұндай жағдайда Қазақстанның негізгі сауда әріптестерін қоса алғанда, дамушы елдердегі орталық банктер дамыған елдердегі ақша-кредит саясатын ерте қалыпқа келтіру және инфляциялық тәуекелдердің өсу мүмкіндігін ескере отырып, бейтарап ақша-кредит саясатына ықтимал көшуге дайындала бастауда. Осы жылғы ақпанда Ресейдегі инфляция 4 пайыздық таргет кезінде 5,7 пайызға жетті», - деді ол.