26 нау, 2021 сағат 08:16

"Әлемде демократия мен автократияның арасында күрес жүріп жатыр" - Байден

АҚШ президенті Джо Байден 25 наурызда Ақ үйде қызметіне кіріскелі бері алғаш рет баспасөз конференциясын өткізді.

"Настоящее время" арнасы оқиғадан тікелей эфирде хабар таратты.

Коронавирус індетіне байланысты залда журналистер әдеттегіден азырақ болды.

Президент сөзін індетпен күрес мәселесінен бастады. Байденнің сөзіне қарағанда, өзінің президенттігіне 100 күн толғанға дейін (сәуір айының соңы) елде 100 млн екпе салу міндеті мерзімінен бұрын орындалған. Ендігі мақсат – бұл көрсеткішті 200 млн-ға жеткізу.

Журналистер оған індетпен күрес, көші-қон, қару-жарақты бақылау, заң шығару бастамалары, халықаралық қатынас мәселелері туралы сұрақтар қойған.

Байден 2024 жылы екінші рет президент сайлауына түсуге дайын екенін мәлімдеді. Ол кезде 82 жасқа толады.

Байден Ақ үй әкімшілігінің әрекеті "елді біріктіретінін", оны көптеген республикашылдар да қолдайтынын айтқан. "Мені адамдарды бөліп-жару үшін емес, мәселені шешу үшін осы қызметке қабылдады" деді АҚШ президенті. 

Ауғанстаннан әскер шығару мәселесіне тоқталған Байден "бұл мәселе 1 мамырға дейін шешіле қоймайды, бірақ Америка әскері ол жақта ұзақ қалмайды" деп атап өткен.

Байден сонымен бірге Солтүстік Кореяның зымырандарды сынақтан өткізуін айыптап, Пхеньянмен келіссөзге дайын екенін мәлімдеді.

Қытаймен қатынас мәселесі төңірегінде сұрақтарға жауап берген Байден АҚШ сөз бостандығы, адам құқығы сияқты маңызды принциптерді қорғайды, Пекинді қатаң сынайды деген. АҚШ текетірестерден бойын аулақ ұстағысы келеді, бірақ адал бәсекелесуге дайын деді. 

Байденнің айтуынша, қазір әлемде демократия мен автократия жүйесінің қайсысы тиімдірек деген мәселе шешіліп жатыр. Президент бұл тұста Ресейге тоқталып, ол коммунистік идеология шырмауынан шыққанмен, автократ ел ретінде қалды деді. АҚШ президенті одақтастарымен бірігіп демократия саммитін өткізетінін де растады. Оған Америка-Ресей қатынасы туралы сұрақ қойылған жоқ.

Жақында ABC телеарнасына берген сұхбатында Байден "Ресей президенті Владимир Путинді қанішер деп санайсыз ба?" деген сұраққа "иә" деп жауап берген еді. Осыдан кейін Путин Байденге "тікелей эфирде әңгімелесуді" ұсынған. Екі тараптың бұл жөнінде келіскені жайлы әзірге ақпарат жоқ. Байден Путинмен уақыт келгенде міндетті түрде әңгімелесетінін айтқан.