Қазақстандағы барлық этностардың мүддесіне деген құрметке негізделген ұлтаралық қатынас мәдениетін қалыптастыру туралы Елбасымыздың бағытын бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жүзеге асырып келеді. Қазақ халқының кеңдігі, ешкімді жатсынбай бауырына басар дархан көңілі туралы тарих беттерінде тағдырдың жазуымен даламызға 1930 жылдың соңынан бастап сан түрлі ұлт өкілдері келіп қоныс тепкен тұстан жазыла бастады. Арада ширек ғасырға жуық уақыт өтті. Бүгінде Тәуелсіз Қазақстан халқы тегі басқа болғанымен, теңдігі бір, қаны бөлек болса да, жаны бір, мақсаты бір ел болып көк тудың астында бейбіт өмір сүруде.
Мұның дәлелі ретінде он бес жасында жақындарынан көз жазып қалып, Кеңес әскерінің қолына түсіп, жапон тыңшысы деген жазықсыз айыппен, сталиндік саясатты жүзеге асыру бағдарламасымен Қарағанды еңбекпен түзету лагерінде Алаш арыстарымен қиын-қыстау кезеңді бірге өткерген жапон баласы Ахико Тэцураны айтуға болады.
Ахико Тецуроның 10 жыл отырған лагерьден өлімші халде босап шыққаны, ол қазақ анасының қамқорлығының арқасында тірі қалып, өмірге қайта оралғаны, заман оңалып Отанына шақыру алып барғанымен онда тұрақтай алмай, Қазақстанға қайта оралғаны жөнінде сахналанған «Ақтастағы Ахико» драмасы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған.
Деректі негіздерден, тарихи фактілерден құралған қойылым жайлы режиссері А.Маемировтың: "«Ақтастағы Ахико» – шығармашылық, көркемдік тебіреністен туған дүние болғандықтан өзіме ыстық екені рас" деген пікіріне жалпы көрермен қолдау танытары сөзсіз. Драматургиялық негізінен бастап (драматург М.Омарова), сахналық безендіру, актерлік ансамбль, сахнада Ахико болып өмір сүрген Д.Ақмолданың, жаңаша көзқараспен тарихи тақырыпты қыздың жиған жүгіндей мінсіз қалыпта көрерменіне ұсынған режиссер А.Маемировтың, театр басшылығының еңбегі орасан.
«Хокайдо тұрғыны басқада әскери тұтқындармен бірге Қазақстан аумағында жазасын өтеп, түрмеден 24 жасында шықты. Арада 50 жыл өткенде ол тарихи Отанына оралуға мүмкіндік алып, ағайын-туысымен қауышты. Туысқандарының Жапонияда қал дегеніне қарамастан, ол Қазақстанға қайтып оралды. Қазақстанды өз Отаны санайды. Қазір 86 жасқа келген Ахико - еліміздің, Қарағанды облысының құрметті ардагері. Әйелі Елена екеуі төрт бала өсіріп, тәрбиелеп отыр. Бұл – екі ел арасындағы достық байланыстың анық әрі жарқын көрінісі», - деді Елбасы Н.Ә.Назарбаев Жапония Парламентіндегі арнайы сөзінде. Қазақстан Президентінің Ахико тағдыры туралы айтқан сөздері бүкіл әлемге таралды. М.Әуезов театрында сахналанған «Ақтастағы Ахико » қойылымына ағылған көрермен көбейді. Ең бастысы, нағыз патриоттық сезімнің айғағы мен «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын іске асырудағы, мемлекеттік және қоғамның азаматтық институттарының этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға бағытталған жұмыс нәтижесі көрінді. Қойылым соңында Ахиконың «Тұғыры – асқақ, болмысы – паң, бітімі – бекзат Қазақ елі – енді менің елім. Ынтымақтың ұясы, жерұйық мекен Қазақстан – енді менің Отаным!» деген монологы бар! Иә, ұлтымыздың игі қасиетін ұлықтайтын туындылар қазақ театрларына керек!
2017 жылдың 26 сәуірінде Астана қаласындағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан Республикасының Президенті, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың төрағалығымен «Тұрақтылық, бірлік, келісім - жаңғырту негізі» күн тәртібімен Қазақстан халқы Ассамблеясының XXV сессиясында «Ақтастағы Ахико» тарихи драмасы Астана төрінде тағы бір мәрте сахналанады.
Назерке Сланбек