25 сәу, 2017 сағат 12:45

Әлем Күн энергиясына көшуде

SolarPower Europe қауымдастығының бас директоры Джеймс Уотсон өзінің Әлем «Күн энергиясына көшуде» атты мақаласында энергияның — адамзат тіршілігінің дамуына жағдай жасаушы және ынталандырушы бірден-бір табиғи қайнар көз екенін баса айтады.

Оның ойынша, энергия социумдар үлгісінің сақталуын қамтамасыз етеді, ол көптеген аспектілерді біріктіретін ұғым ретінде бүкіл әлем мен адамзатқа тікелей қатысты қызықты сауалдарды туындатады. Қоғамның энергия көздеріне қол жеткізуі олардың әлеуметтiк, экономикалық және экологиялық тұрақты дамуының нақты жағдайларын тiкелей түрде анықтайды. Технология саласындағы әр түрлi қуат көздерін оңтайландырумен байланысты ғылыми зерттеулер мен жетiстiктер қоғамдастықтардың функционалды тәсiлдерiн анықтап, энергетиканың тұрақты даму болашағын қалыптастырады.

«Күн энергиясы - Астана ЭКСПО-2017 көрмесінің өзекті тақырыбы болмақ. Бұл, әрине, заңдылық. Өйткені Күн энергиясы қазірдің өзінде әлемдегі басты энергия көздерінің бірі болып есептеледі және 2050 жылға дейін ол дүние жүзінің жартысын электр қуатымен қамтамасыз ететін  электроэнергияның негізгі қайнарына айналуы тиіс», - дейді ол.

Доктор пікірінше, жалпы, болашақ энергиясы – бұл қазіргі заманның келелі мәселелеріне және болашақтағы шешімдерді болжауға қатысты міндеттерді шешуге бағытталған, ойлануға нәр беретін ауқымы кең тақырып болып отырғаны анық.  «Болашақ энергиясы» жобасының тақырыбы тұрақты даму ұстанымдарына негізделеді, ал оның астында экономикалық және әлеуметтік мұқтаждықтарды, сондай-ақ мәдени әралуандылықпен және адам денсаулығына пайдалы ортаны қамтамасыз етумен байланысты сұраныстарды қанағаттандыруға бағытталған үдерістер ұғынылады.

Қауымдастықтың зерттеулері бойынша, әлемде Күн энергиясын өндіру деңгейі 2007 жылғы 3 ГВт көрсеткішінен 2016 жылғы 305 ГВт көрсеткішіне дейін өскен. Бұл – таңқаларлық жетістік. Электр қуатын өндіретін технологиялардың ешбіреуі мұндай көрсеткішпен мақтана алмасы анық. Ал, Күн энергиясын өндіретін құрылғылар саны жыл сайын көбейіп жатыр. Аустралиядан бастап Швецияға дейінгі бірнеше ел Күн энергиясын пайдалануға көшкен.

Олар «Күн энергиясын қолданушылары санының көбеюі – жақсы жаңалық» деген пікірде. Себебі бұл, өз кезегінде, төмен көміртекті экономикаға жедел көшу үшін тиімді және климаттың өзгеруіне қарсы күресте көмегін тигізеді. Париж келісіміне сәйкес, температура 1,5 Цельсий шкаласы бойынша 1,5 градустан артық көтерілмеуі үшін көмірқышқыл газының зиянды қалдықтарын атмосфераға көп шығармау керек болса, бүгінгі кезде Күн энергиясын пайдалану – климаттың өзгеруіне қарсы күрестегі ең тиімді шешім. Энергияны өндірудің бұл жолының артықшылығы – экологиялық таза өнім болуында һәм экономикалық тұрғыдан ыңғайлы саналуында. Тәжірибеде Күн энергиясын пайдалану – әлемдік көмірқышқыл газы қалдықтарының таралуын жылдық көрсеткіш бойынша 200-300 миллион тоннаға азайтып отыр. Ал, бұл - бүтіндей Франция мемлекетіндегі зиянды газдың ауаға таралуының бір жылдық деңгейімен тең. Сонымен қатар Күн энергиясын пайдалану - энергия өндірісі ұлғайған кезеңдегі жаһандық сұранысты қамтамасыз етіп, көміртек қалдықтарының азаюына ықпал етеді.

Сондай-ақ, Күн энергиясының бағасы қолжетімді. 2009 жылы Күн энергия жүйесінің бағасы 75%-ға түсті. Бұдан бағаның алдағы көрсеткішін бағамдауға болады. Бүгінде әлемнің 30-ға тарта елінде Күн энергиясы қазымды отын энергиясын өндіруден әлдеқайда тиімді һәм арзан.

«Сол себепті жоғарғы билік оның экономикаға тиімділігін ескере отырып, Күн энгериясын өндіруді арттыру мақсатын басты мәселе етіп қойып отыр. 2020 жылға дейін Үндістан 100 ГВт Күн энергиясын шығаруды жоспарлап отырса, Қытай елі 150 ГВт-қа дейін өндіруді межелеп отыр. Қазақстан Республикасы 2020 жылға дейін жаңартылатын энергия көздерінен жалпы электр энергиясын Күн энергиясымен қоса алғанда 3%-ға, 2030 жылы 10% -ға, 2050 жылға дейін 50%-ға арттыруды мақсат етіп отыр», - дейді Джеймс Уотсон.

Сонымен қатар ол, Астана Экспо-2017 көрмесінде Күн энергиясын өндіретін түрлі технологиялар таныстырылып, тіпті ғарышта Күн энергиясын тасымалдайтын құрылғы да болатынын жазады. «Күн энергиясы көрме кешенін жарықтандыру үшін электр қуаты ретінде пайдаланылатын болады (интеграцияланған күн батареяларын негізгі павильонның төбесінен көруге болады). «SolarPower Europe» қауымдастығы көрмедегі арнайы конференцияда Күн энергиясын өндіруші ең заманауи қондырғыны көпшілікке таныстырады. Жылу жүргізу, энергетика жəне салқындату жүйесін  өндіретін əлемдегі көшбасшы Viessman компаниясы Күн энергиясы арқылы мұз сақтайтын жүйені таныстырады. «ABB» (Қазақстан) – автоматтандыру және энергетика саласы бойынша жұмыс істейтін танымал компаниясы және «Solar Impulse» күн энергиясын пайдаланатын ұшақтың жобасын таныстырады», - деп доктор өз сөзін нақтылайды.

Болашақ Күн энергиясының шегі жоқ. Егер сізді Күн энергиясына қатысты мәселелер қызықтыратын болса, Астанада өтетін ЭКСПО-2017 көрмесіне келіңіз. Барлық жауапты сол жерден аласыз.

renewableenergyworld.com

11 сәуір 2017 ж.

Ұлт порталы