Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы жүргізген зерттеулердің қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасында «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой мәлім етті, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Қазақстанда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен бірлесіп Covid-19 штамдарын анықтайтын экспресс ПТР-скринингтің жаңа әдісі енгізілді. Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығы филиалының референс-зертханасы КВИ анықталған науқастардан алынған зертханалық үлгілерді зерделеді.
«Зерттеу қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облысынан өзге өңірлерде «британдық», «оңтүстік африкалық», «бразилиялық» штамға тән ықтимал мутация анықталды. Алматы қаласында науқастардан алынған ДНК-ның секвенирлеу нәтижесі бойынша «британдық» және «оңтүстік африкалық» штамының айналымы белгіленген», - деді А.Цой.
Оның айтуынша, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының 2021 жылғы 30 наурыздағы деректері бойынша «британдық штамм» 125 елде, «оңтүстік африкалық» - 75 елде, ал «бразилиялық» 41 елде анықталды. Коронавирустың жаңа штамдары мен алғашқы штамның белгілері бірдей – дене температурасы көтеріледі, жөтел және адам дәм мен иіс сезбей қалады.
ДДҰ мәліметтері бойынша вирустың ықтимал мутациясы адамдардың індетті жұқтыру жиілігіне қарай артады.
«Жаңа вирус көп тараған елдердің тәжірибесіне қарасақ, әлеуметтік ара қашықтық сақтау нәтижесінде және денсаулық сақтау ұйымдарында инфекцияның алдын-алу және бақылау шараларын қолдану арқылы COVID-19 ауруы төмендеген», - деді министр.