19 қыр, 2020 сағат 22:00

Алексей Цой Алматыдағы Жедел медициналық қызметтің жаңа автопаркімен танысты

ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой Алматыға 2 күндік жұмыс сапары барысында қаладағы Жедел медициналық қызмет ұжымымен кездесіп, аталған мекеменің жаңа автопаркімен танысты, деп хабарлайды аталған ведомствоның баспасөз қызметі.

Алматы шаһары COVID-19, тұмау, өкпенің қабынуына шалдыққан науқастар үшін жедел медициналық жәрдем қызметінің алгоритімін жетілдірген алғашқы қала. Бұдан былай аталған санаттағы науқастарды медициналық жәрдем ғана жатқызады. Науқастарға жүйелі қызмет жасаудың цифрлық механизмдері енгізілген. 

Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Камалжан Надыров медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы және COVID-19-дың екінші толқынына дайындық барысын баяндап берді. 

«Қаланың жедел медициналық жәрдем қызметі күзгі және қысқы маусымға тас-түйін дайын. Біздің мүмкіншілігіміз өте жоғары. Тәулігіне 9000 хабарлама бойынша жұмыс істеуге және 500 науқасты тиісті емханаға жатқызуға қауқарлымыз»,- деді К. Надыров. 

Министрдің жұмыс сапары барысында қажетті жабдықтармен қамтылған медициналық жәрдем қызметінің 35 көлігі таныстырылды. Арнайы көлікті сатып алуға жергілікті бюджеттен 1,4 млрд теңге бөлінген. «Hyundai H350» В және С санатындағы медициналық жәрдем машиналары заман талабына сай жасалған. Электрлік (Аccuvac pro), өкпенді жасанды желдететін (Мedumat), Сorpuls1, дефибрилляторлары, «Кардиометр-МТ», автоматтандырылған жабдықтары, КИ-5 оттегі ингаляторы, жүрек соғысын бақылайтын «Небулайзер» құрылғысымен қамтылған. 

Қазіргі таңда медициналық жедел жәрдем қызметінің жүктемесі төмендеді. Індет өршіген кезде жағдай күрделі болды. Тәулігіне 8000 хабарлама бойынша жұмыс істеді. Әрбір екінші бригада науқастардың үйіне барып қызмет көрсетті. 

Шілде айының басында Жедел медициналық қызметке келіп түскен хабарламалардың 50 пайызы коронавирус күдігімен байланысты болды. Қазіргі таңда тұмау, өкпенің қабынуы және коронавирус бойынша келіп түсетін хабарламалар 9 пайызға азайды. 

Жедел медициналық қызметте қазіргі таңда 3000 маман еселі еңбек етуде немесе 180 бригада халыққа қызмет көрсетіп жатыр. Олардың қатарында 365 дәрігер, 1 388 фельдшерлер бар.