Қазақстандық экономист Қуаныш Жайықов сайлаудан кейінгі ел экономикасының даму бағыттарына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, алдағы 7 жылда жеке секторды және заңсыз бәсекелестікпен күресті күшейту қажет. Бұндай пікірді ол Jibek Joly телеарнасында өткен сайлау тақырыбына арналған ток-шоуда айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Менің ойымша, экономикалық саясат пирамида секілді. Оның ішінде маңызды емес салалар да бар. Мысалы, салық, бюджет саясаты деген сияқты. 2012 жылы біз әлемдегі 30 дамыған елдің қатарына қосыламыз деп жарияладық. Ол үшін мемлекеттік корпорация құрып, басым секторларды белгілеп, ұлттық экономиканы әртараптандыру міндеті қойылды. Дегенмен уақыт өте келе ол кездегі айтылған дүниелер қазір 180 градусқа өзгерді. Қазір экономика бойынша көшбасшы – жеке сектор. Сондықтан да жеке секторлардың құқығын қорғау маңызды. Екінші маңызды дүние - бәсекені ілгерілету. Президент айтқандай, экономика монополияларға әлі де толы», - деді Қуаныш Жайықов Jibek Joly телеарнасында өткен сайлау тақырыбына арналған ток-шоуда.
Оның айтуынша, әделетсіз монополия бағаның өсуі мен жұмыссыздыққа алып келеді.
«Сондықтан да алдағы 7 жылда экономиканың басты базалары жеке сектор мен заңсыз бәсекелестікпен күресті күшейту қажет. Қаңтар оқиғасынан кейін Үкіметтің жоспары өзгерді. Үкімет жанынан арнайы комитет құрылып бұрын ұрланған капиталдар елге қайтарылып жатыр», - дейді ол.