Парламент Мәжілісінің жаңа депутаты, бұрынғы Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау өзінің депутаттыққа тағайындалуын күтпеген жаңалық деп санамайды, деп xабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.
«Бұл маңызды кезең. Мен бұған былтырдан бері, «Нұр Отан» партиясы мені үміткерлер тізіміне енгізген кезден бері дайын болдым. Парламентте партияның 84 орны бар, сондықтан бес жылда сені шақыртып алуы мүмкін, соған дайын болуың керек. Міне, мені депутаттыққа шақырып алды», - деді ол.
Оның сөзінше, ол вице-министр лауазымынан кетуге ниеттенбеген.
«Мен Үкіметте қызмет еткен 7 жылдың ішінде Парламенттегі жағдай өзгермеген сияқты. Біз, Үкімет қызметкерлері Парламентте заң жобаларының сапасына қатысты қатты сұрау болатынын білеміз. Мен бүгін депутаттық сауалдарды тыңдап отырып, олар біздің сайлаушыларымыздың мүддесін қорғауға бағытталғандығына тағы бір рет көз жеткіздім (...). Қазір Парламент алдында жаңа мақсат-міндеттер тұр. Ол конституциялық реформаларға ғана емес, «Жаңғырту 3.0» стратегиясына да байланысты істер. Ол қазір заңнамалық қамтамасыз етуге зәру», - деді Альберт Рау.
Оның айтуынша, жаңа мәжілісменді әріптестері жылы қабылдаған.
«Парламентте «әлімжеттік» жоқ деп айтты. Мен әскерде болдым, сондықтан оның не екенін білемін», - деп қалжыңдады ол.
Айта кетейік, Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен, «Нұр Отан» партиясының мүшесі Альберт Павлович Рау Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде тіркелген болатын.