23 ақп, 2026 сағат 13:46

Алаяқтық жасаған күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды


Фото: Kazaknews.kz


Бірнеше алаяқтық жасады деген күдікті Түркиядан Қазақстанға экстрадицияланды, - деп хабарлайды Бас прокуратура.


Хабарламада бірнеше рет аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған Қазақстан азаматы Антальядан жеткізілгені жазылған.


Тергеу деректеріне сәйкес, 2019–2020 жылдары күдікті алдау жолымен Шымкенттің 4 тұрғынының ақшалай қаражаты мен жер учаскелерін иемденіп, оларға жиынтығында шамамен 95 миллион теңге көлемінде залал келтірген. Жәбірленушілердің ақшалай қаражатын иемденгеннен кейін, күдікті бой тасалап, қашып кеткен. Осыған байланысты оған халықаралық іздеу жарияланған.


"Кейіннен ол Түркия аумағында ұсталып, Бас прокуратураның сұрау салуы негізінде Отанына экстрадицияланды. Қазіргі уақытта ол тергеу изоляторына қамалды", - делінген хабарламада.


Айып тағылған қылмыстар үшін қылмыстық заңнамада мүлкі тәркіленіп, 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.