19 мам, 2025 сағат 11:06

Алаяқтық жасаған қазақстандық Сауд Арабиясынан экстрадицияланды

Фото: ашық дереккөз

Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы және ІІМ Интерпол қызметкерлері Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Қазақстанның Елшілігінің көмегімен Сауд Арабиясынан алаяқтық және атқарушылық құжатты орындамау бойынша қылмыстық жауаптылыққа тарту үшін Қазақстан азаматын экстрадициялады, деп хабарлайды Ult.kz.

Күдікті 2018-2023 жылдар аралығында алдау және сенімді теріс пайдалану арқылы Алматы қаласында жәбірленушілердің 19 миллион теңге сомасындағы ақшалай қаражаты мен мүлкін иемденген. Сонымен қатар ол ұзақ уақыт бойы алматылық коммерциялық компанияның 82 млн теңге сомасына алдын ала төленген тауарды жеткізу бойынша міндеттемелерін орындаудан жалтарған.

Сотқа дейінгі тергеу барысында күдіктінің жасырынуына байланысты оған халықаралық іздеу жарияланды. Биыл ол Сауд Арабиясы аумағында ұсталып, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының сұрауы бойынша елге экстрадицияланды.

Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторына қамауға алынды.

Оған тағылған қылмыстарды жасағаны үшін мүлкін тәркілеумен бес жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.