фото: Polisia.kz
Алаяқтық бойынша халықаралық іздеуде жүрген ресейлік Алматыда ұсталды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігінің ресми интернет-ресурсы.
"Алматы қаласы полиция департаментінің экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері халықаралық іздеуде жүрген Ресей Федерациясының азаматын ұстады. Іздеуді Ресей Федерациясының Краснодар өлкесі бойынша Федералды қауіпсіздік қызметі басқармасы бастады", - делінген хабарламада.
Ұсталған адам ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде алаяқтық жасады деп күдіктелетіні хабарланды. Қолда бар мәліметтерге сәйкес, мемлекетке келтірілген залал мөлшері 23 миллион рубльден асады.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында іздестіріліп жатқан адамның ықтимал орналасқан жері туралы ақпарат алынды. Алматы полиция бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде ол ұсталды. Қазіргі уақытта ол уақытша ұстау изоляторына орналастырылды және оған қатысты экстрадициялау рәсімі басталды", - деді Алматы қаласы ПД экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Асхат Дәулетияров.