Фото: ашық дереккөз
Шымкент қаласының 61 жастағы тұрғыны телефон алаяғына алданып, 2 миллион теңге қаражатын бейтаныс адамның есепшотына аударып жіберген. Алаяқ өзін Ұлттық банк қызметкерімін деп таныстырып, әйелдің депозитіндегі ақшасы "заңсыз шешіліп кетуі мүмкін" деп қорқытқан, деп хабарлайды Ult.kz.
Қаржының қауіпсіздігін сылтауратып, алаяқ әйелге өзі көрсеткен "қауіпсіз шотқа" ақша аударуды ұсынған. Қорыққан әйел бұл әрекетке барып, кейін шын мәнінде алаяқтың құрбаны болғанын түсінген соң сотқа жүгінген.
Сот отырысында қаражат түскен адамның («дроппердің») бұл ақшаны өзі емес, белгісіз біреудің нұсқауымен алғанын айтып, кейін үшінші тараптарға жібергенін мәлімдегені белгілі болды. Алайда ол ақшаның заңды жолмен түскенін дәлелдей алмады, әрі оның қайда кеткенін де анықтауға тырыспаған.
Сот бұл әрекетті "қаражатты заңсыз иемдену және негізсіз баю" деп бағалады. Заң бойынша, банк картасының иесі өз шотындағы операциялар үшін жеке жауапты және кез келген күмәнді әрекетке байыппен қарауға тиіс.
Нәтижесінде сот жауапкерден 2 млн теңге өндіріп, ақшаны иесіне қайтару туралы шешім шығарды. Апелляциялық саты да бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Үкім заңды күшіне енді.
