24 қараша күні М.Әуезов атындағы қазақ академиялық драма театрында Алаш ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған "Алаштың Әлиханы" атты салтанатты кеш өтті.
ЮНЕСКО жылдың ең мықты қайраткері деп таныған ұлы тұлғаның кешінде Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Алаштанушы - ғалым Мәмбет Қойгелдиев сөз сөйледі.
Кеш барысында Алаш ардагерінің өмірі мен мемлекеттік қызметі туралы деректі бейнефильм көрсетіліп, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Рамазан Стамғазиев, Гүлзат Дәуірбаева, Еркін Шүкіманов, Әлиханның туған өңірінен 150 жылдық мерейтойға арнайы келген Дәуренбек Әркенов, белгілі әнші Фархад Кубеев, т.б. өнер шеберлері қатысты.
Концерт барысында "Отырар сазы" мемлекеттік академиялық этнграфиялық-фольклорлық оркестрі Құрманғазы, Тәттімбет. Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін орындады.
Ғ.Мүсірепов атындағы жастар мен жасөспірімдер театрының актерлері Әлихан Бөкейхановтың өміріне қатысты қойылым жасады. Мазмұнды, мағыналы өткен музыкалық-поэтикалық кешті Алматы қаласының әкімдігі ұйымдастырды.
Ал 25 қараша күні Алматы қалалық әкімдігінің ұйымдастыруымен "Ғылым Ордасы" кітапханасының конференц залында Алаш ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері Әлихан Бөкейхановтың 150 жылдығына арналған "Алаштың Әлиханы" атты Республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Ғылыми конференцияда Мәмбет Қойгелдиев, Уәлихан Қалижан, Айгүл Ісмақова, Нұрлан Атығаев, Хангелді Әбжан, Зәуреш Сақтағанова, Гүлбану Жүгенбаева, т.б. белгілі ғалымдар баяндама жасады.