Алакөл жағалауында демалушылар мен Ақши ауылы тұрғындары арасында жаппай төбелес болды. Жанжал Ақши ауылындағы дәмхананың бірінде болған.
Алматы облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға тамыздың 15-нен 16 қараған түні Алакөлде демалушылар көп келетін аумақтың бірінде болған. «Қылмыстық кодекстің 293-бабы, яғни, бұзақылық бойынша қазір қылмыстық іс қозғалды. Жанжалды шығарғандарды анықтау, іздеу жүргізіліп жатыр.
«Осыған байланысты барлық мән-жайды анықтау үшін оқиға орнына жергілікті полиция инспекторы мен тергеу-жедел тобы жіберілді. Полиция өкілдері барған соң дәмхана қызметкерлері жаппай төбелес ұйымдастырушылардың үстінен жазбаша шағым түсірді. Қазіргі уақытта жанжалға қатысушылардың барлығын анықтау бойынша жедел-іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Аталған дәйек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы 2-бөлігімен (Бұзақылық) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу барысы туралы кейінірек хабарланады. Сондай-ақ жаппай төбелес кезінде куәгерлер мен жәбірленушілер тарапынан полицияға хабар түспеген», — деді Алматы облыстық ПД басапсөз қызметі.
Полиция ақпаратына сәйкес, дәмхана әкімшілігі бұзақыларға қатысты арыз жазған. Тергеу амалдары жүріп жатыр.