22 сәу, 2024 сағат 13:44

Алакөл – айналайын жырақ тұрған


Алакөл – айналайын жырақ тұрған,
Мен Жүсіп, өлең сөзді құрастырған.
Аяқты ісік шалып, етік симай,
Суыңа ем болар деп келіп тұрған. 
Ат арбаға таңылып, әрең жеттім,
Арқада залал қылып бір антұрған.
- депті, өз заманында, шипалы көлге ем алуға келген, арқаның сері жігіті Жүсіп Байназарұлы. 


Осы Алакөлдің жағасына, өз заманында жоңғар - қалмақпен  соғысқан еліміздің ұлы батыры Ер Қабанбай,  шайқаста жараланған сарбаздарын көл суына алып келіп, біраз күн қалдырып кетеді екен. Қылыш  шапқан, найза жырған, жебе тиген  жаралы сарбаздар, судын  шипасымен қайтадан тік тұрып, қатарға қосылатын көрінеді. Көлдің ерекше қасиетін,  сол заманның өзінде- ақ  қалың қазақ білгенге ұқсайды.

Осыдан бірнеше жыл бұрын  туризм  және спорт министрлігі еліміздегі ең үздік 10 туристік орынды жариялады. Осы тізімге шипалы Алакөл де еніп отыр. Алакөл жазғы демалыс аумағы – қазіргі  Абай облысындағы  алдынғы қатарлы туристік аймақтардың бірі және бірегейі саналады.

Алакөл – тұзды, ағынсыз көл. Әсемдігімен көңілге қуаныш ұялататын ол теңіз деңгейінен 347 метр биікте орналасқан. Ұзындығы 104, ені 52 шақырымды құрайды. Алакөлде демалыс орындарының көптеп орналасуы – суының минералдарға бай болуында. Оның құрамында Менделеев кестесіндегі элементтердің көбі кездеседі. Құрамы жағынан Канаданың атақты Атабаска көліне және Қара теңізге жақын.

Суының жаздық орташа температурасы – 26 градус. Судағы минералдар тыныс алу мүшелері, сүйек-бұлшық ет, жүйке жүйесі ауруларымен қоса, тері ауруларында, радикулит, өкпе, обыр ауруының ең алғашқы кезеңінде оң ықпал етіп, жазылуға жағдай тудырады.


2022  жылы Алакөл демалыс аймағында 250 кәсіпкерлік нысаны қызмет көрсетсе, былтыр тағы 14 демалыс үйі ашылды. Олардың ішінде «Ориент Алакөл», «Атлант», «Темірлан», «Номад», «Достық», «Кәрім», «Жағалау», «Хансұлтан», «Нұржау», «Дольчевита», «Roуal Relax», «Ермада», «Достар» сынды базалар орын тепкен.

Келушілерге көрсетілетін қызмет аясы жыл сайын кеңеюде. Көл жағасында «бір терезе» қағидаты бойынша «Tourіst іnfo» атты облыстың алғашқы туристік-ақпараттық орталығы жұмыс істейді, екі менеджер демалушыларға тегін ақпараттық-консультациялық көмек көрсетеді.

Алакөлге келушілер саны жылдан-жылға артып, демалыс үйлері де көбейіп келеді.

Көл жағалауындағы демалыс үйлері көрікті және дәмханалардың саны да көп. Заманауи талапқа сай «Парус», «Інжу», «Алакөл-Арасан», «Әйгерім», «Керуен», «Номад», «Alakol Famіly Club»  сияқты ірі демалыс орындары салынып, демалыс  аумағының  сәнін келтіріп тұр.

Жыл сайын көл жағасында «Алакөл алаулары» фестивалі ұйымдастырылып келеді.

Қалай десек те, бүгінде Алакөл жағасы адам танымастай өзгерген. Алдағы уақытта демалыс аймағының халықаралық денгейге жетері анық.

Бейсенғазы Ұлықбек
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі