Қазақстанда шығатын математика бағытындағы «Әл-Жәбрдің атасы» журналының өзбек тіліндегі нұсқасы жарыққа шықты.
Басылымның бастауында ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті, академик Асқар Жұмаділдаев тұр. Ғылыми-танымдық журнал жарты жылдан бері қазақ тілінде тұрақты шығып тұрады. Әр нөмірі литий, ғарыш, робот секілді маңызды ғылыми тақырыптарға арналды. Басылымға шетелдер де қызығушылық танытып, өзбек тілінде де басып шығару ісі қолға алынды.
«Әл-Жәбр» дегініміз - алгебра, ал оның негізін қалаған Әл-Хорезми 1200 жылдай бұрын Арал теңізі маңында өмір сүрген. Ғұламаның математика ғылымына енгізген терминдері бүгінгі таңда кеңінен қолданылып жүр. Ғалымды тұтас Орталық Азия халықтары мақтан тұтады.
"Біздің мақсат – ұлы аталарымыздың жолын жалғастыру. Кезінде бүкіл әлемнің дамуына ғаламат үлес қосқан Орталық Азиядан шыққан екі адам болса, соның бірі - Әл-Хорезми. Ол ғұламадан мына екі сөзі қалды: алгебра және алгоритм. Қарапайым телефон,теледидар және техниканың өзге де түрлері әуелі алгоритмнен құралады. Менің байқауымша, өзбек жастары, қазақ жастары арасында үлкен ұқсастық бар. Оқу, білім, ғылым жүйесі және мінез-құлық. Біздегі проблема бұларда да бар, бұлардағы проблема бізде де бар. Сол себепті «Әл-Жәбрдің атасына» қызығушылық үлкен екенін байқадық", - деді ҚР Президенті жанындағы ұлттық ғылым академиясының вице-президенті Асқар Жұмаділдаев.
Басылым негізінен балалар мен жалпы ғылымсүйер оқырманға арналған. Орта және жоғары сынып оқушыларының тапсырмасы "Тай жарысы", "Құнан жарысы" деген атаумен берілген. Журналдың өзбекше нұсқасы қазақ тіліндегі журналмен қатар жарық көріп тұрады. Басылымның Ташкентте өткен таныстырылымына Өзбекстан ғылым академиясының өкілдері де қатысып, шығармашылық топқа алғысын білдірді.
"Бұл журналдың өзбек тілінде жарық көруін қазақ-өзбек ғалымдары арасындағы өзара ынтымақтастық пен достықтың жарқын көрінісі деп айтуға болады. «Әл-Жәбірдің атасы» журналының шығуына екі елдің ғылым академиялары, тиісті министрліктері мен жас ғалымдары қызығушылық білдірді, үлес қосты. Алдағы уақытта оның мазмұны тереңдеп, оқырманын жаңа біліммен сусындатады деген үміттеміз", - дейді Өр ғылым академиясы жас ғалымдар кеңесі төрағасының орынбасары Гүлсанам Тиллаева.
Журналдың шығуына қазақстандық Qalan Edtech-компаниясы қолдау көрсеткен. Бұл мекеме Қазақстан мен Өзбекстанда кең қолданылып жүрген математиканы онлайн оқыту платформасын жасап шығарған. Бүгінде жобаның Қазақстан, Ресей және Өзбекстанда 600 мыңнан астам қолданушысы бар. Ал Өзбекстанда 2023 жылдың қыркүйегінен бері жұмыс істеп тұр. Қазір жоба екі елге тиімді білім-ғылым саласындағы ынтымақтастықты қалыптастырып келеді.
"Өзбектанда онлайн білім беру саласы жақсы дамып жатыр. Халық баласының білімі үшін инвестиция құюға дайын, демек ол нарық перспективасы бар деген сөз. Біз Qalan платформасын осы нарыққа сай бейімдедік. Барлық тапсырмалар мен видеосабақтарды өзбек тіліне аудардық, жергілікті мектеп бағдарламасының талабы бойынша жүйені ыңғайластырдық. Бұл елде жергілікті нарықтың көшбасшысы атануға ұмтылып жатырмыз. Біздің ғаламдық мақсатымыз — Шығыстағы ғылым мен білімнің қайта жаңғыруына елеулі үлес қосу. Журналдың өзбек тілінде шығуы осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі. Біз бұл журналдың озық идеялар мен жетістіктерді насихаттайтын алаңға айналып, ғалымдардың жаңа буынын шабыттандырады деген үміттеміз", - деді Qalan жобасының негізін қалаушылардың бірі Асқар Болат.
Екі елдің ғылыми қауымдастығы өзбек тіліндегі журналды оқитын жастардың қатары көп боларына сенімді. Сонымен қатар, екі ел арасындағы ғылыми байланысты дамытып, ғылым мен білімнің дамуына үлес қосады деген үмітте.