18 қаз, 2019 сағат 16:05

Әл-Фараби мен Абайдың тойын, Жеңістің 75 жылдығын атап өтуге қанша қаржы бөлінді?

Қаржы министрінің бірінші орынбасары Берік Шолпанқұлов 2020 жылы тойланатын Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Жеңістің 75 жылдығы бойынша бюджет қаражаты оңтайландырылмайтынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Аталған атаулы шараларға байланысты қаржы бөлінді. Үш жылдың бюджетінде көзделді. 3 млрд теңге. Яғни, бұл қаражат 2020 жылы тойланатын Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Абайдың 175 жылдық мерейтойы, Жеңістің 75 жылдығына орай шараларға бағытталған», - деді Берік Шолпанқұлов

Вице-министрдің айтуына қарағанда, имидждік шаралардың біразы өтпейтін болып шешілген. Осыдан үнемделген қаражат ғылыми зерттеулерді арттыруға жұмсалып отыр.

Еске сала кетсек, бұған дейін Берік Шолпанқұлов Қазақстанда имидждік мақсатқа жұмсалмақ болған 1 млрд 400 млн теңге үнемделгенін мәлімдеген болатын.