Сыртқы істер министрлігі 2015 жылы Қытайда сотталған қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбайдың ісіне қатысты мәлімет берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
2016 жылы сот шешімі жойылып, іс қайта қарауға жіберілген еді. Министрліктің ресми өкілі Айбек Смадияровтың айтуынша, қазіргі кезде Ақжарқын Тұрлыбайдың адвокаты барлық материалды зерделеп жатыр. Аталған іс екінші инстанцияға жолданды.
"Біз аппеляциялық шағым бойынша екінші отырыстың өтетін уақыты туралы Қытайдан хабар күтіп отырмыз. Әзірше ол отырыстың датасы белгісіз. Министрлік және елшілік аталған істі жіті бақылауда ұстап отыр", - дейді Смадияров.
Оның сөзіне қарағанда, қазақстандық дипломаттар Ақжарқынға жиі барып тұрады.
"Олар ата-анасының хаттарын апарып отырады. Оған кітап сатып алып береді. Ақжарқынның жағдайы жақсы. Ешқандай шағым түсірген жоқ", - деп атап көрсетті Смадияров.
Айта кетейік, Қазақстан азаматы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылы наурызда Гуанчжоу әуежайында ұсталған болатын. Оған шекарадан 4,5 келі есірткі алып өтпек болды деген айып тағылды. Ол кезде отандасымыз 20 жаста еді. 2015 жылдың маусымында Қытай соты оны өмір бойына бас бостандығынан айырды. Сотта Ақжарқын шетелдік досы алдап кеткенін айтып, кінәсін мойындаған жоқ.
Ақжарқын Тұрлыбай 1994 жылы 21 ақпанда туған. Қыздың отбасы Түркістан облысында тұрады. Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогика университетіне оқуға түскен. Үшінші курстан бастап түнгі клубта даяшы болып жұмыс істеп, табыс таба бастаған. Қытайға құрбысына тауар әкелуге көмектесу үшін барыпты.