21 нау, 2018 сағат 08:44

Ақын Сараның портреті елге оралды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы көптеген игі  істің орындалуына жол ашты. Сондай ауыз толтырып айтар дүниенің бірі – бүгінде 165 жылдық мерейтойы тойланғалы отырған Ақын Сараның портреті Мәскеудегі мүзейден әкелінді. Жетісудың мақтанышы болған алдүзік ақынның көпке жария болмаған көркем бейнесі көпті елеңдеткені де рас.  

Осыған орай, Талдықорған қаласындағы Мұхамеджан Тынышпаев атындағы  Алматы облыстық тарихи-өлкетану музейінде жәдігерлерді көруге арналған шара өтті. Игі бастаманы «НАҚ-Бірлік» қоғамдық ұйымы мен облыстық Қазақстан  халқы Ассамблеясы бірлесе отырып жүзеге асырды. 

Шарада Алматы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ақан Әбдуәлиев сөз алып, аталған бастаманың мән-маңызы жайында тоқталып өтті.  

– Халқымызда: «Сенгеніңнен сүйенерің мықты болсын», – деген аталы сөз бар. Бүгінде артында қалған ұрпағы  Сара Тастанбекқызының  жоғын жоқтауда. Сүйенерінің мықты екені осыдан-ақ белгілі. Өткенді жандандыру арқылы болашаққа барарымыз белгілі.  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қолға алған бұл жұмыстың болашақ үшін берері мол.  Ендеше, сырт елден әкелінген құнды дүниеміз елдің болашағына қызмет етсін, – деп сөзін түйіндеді мәдениет саласының басшысы.

Аталмыш  жәдігерлерді  мұражайға мүсінші Маргарита Ващенко өткізген.  Ол кезінде Талдықорған облысының бас сәулетшісі болған. Сол жылдары Маргарита Ващенко  Ақсу ауданының Көшкентал ауылына және  Жансүгір елді мекеніне Сара Тастанбекқызының  ескерткішін орнатады. Өзі өмірден  өтерде қызы Гелия Тимофееваға Ақын Сараның портретін, құжаттарын қазақ еліне жеткіз  деп аманат айтады. 

 «НАҚ-Бірлік» қоғамдық қорының төрағасы Оралбек Жақиянов Маргарита Ващенконың қазақ елін шексіз сүйген жан екенін, оның  елге деген құрметін Ақын Сараға ескерткіш орнатуы және Мәскеудегі жәдігерлерді елге жеткізу жайлы қызына айтып кеткен аманатынан аңғаруға болатынын айта келіп:

– Қазақ қыздарының теңдігін жырлаған  ақын мұрасын елге жеткізуде үлкен еңбек сіңірген Салтанат Дәулетханқызына рахмет айтуымыз керек. Ол  шетел мұрағатынан 12 құнды жәдігерді шашау шығармай елге жеткізіп, бүгін өлкетану музейіне табыстап отыр, – деді Оралбек Жақиянов.

Осы ретте, атақты тұлғаның жәдігерлерін әкелуге аталған қоғамдық қор төрағасының да көп күш жұмсағанын айта кеткен абызал. Айталық, елшілікпен келісу, мұрағаттан құнды жәдігерлерді алу, сонымен қатар, аманатты жеткізуші  Салтанат Меңлібаеваның  барып-келуін қамтамасыз етудің білген адамға оңай шаруа емес екені де анық-ты. 

Қозыбай ҚҰРМАН,

Алматы облысы.