10 қыр, 2021 сағат 16:31

"Ақымақ маймылдар": Шахтинскіде балаларды қорлаған мұғалімге қатаң сөгіс жарияланды

Иллюстратциялық фото: Тengrinews.kz

Қарағанды облысы, Шахтинск қаласы, №6 мектеп директорының орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды. Ол мұндай жазаны оқушыларды «ақымақ маймылдар» деп тілдегені үшін алып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шахтинск қаласының білім беру бөлімінде хабарлағандай, әдепсіз сөздер айтқан педагог білім беру жүйесінде 21 жыл өтілі бар, соңғы үш жыл № 6 мектепте істейді. Ол 8В сынып оқушыларына тіл тигізген. Оқиға биология сабағында таңғы сабақ кезінде болған. Дөрекі сөздері бар аудиожазба Шахтинск қаласы әкімдігінің Telegram арнасына жарияланды, Шахтинск қаласының білім бөлімінің Call-орталығына берілді және әлеуметтік желіде тарады.

«Аталған факті бойынша «Шахтинск қаласының білім бөлімі» ММ қызметтік тергеу жүргізілді, №6 жалпы білім беретін мектептің басшысы Н.Онсович, қала педагогтерінің кәсіподақ төрағасы, қаланың құрметті тұрғыны, тәуелсіз сарапшы, мектеп директоры, сынып жетекшісі, мектептің педагогикалық кеңесі мүшелерінің қатысуымен Педагогикалық әдеп жөніндегі кеңестің шұғыл отырысы өткізілді. Кеңес отырысында мұғалім этикалық мінез-құлық және «Педагог мәртебесі туралы» заңды бұзғанын айтып, кінәсін мойындады. Отырыс барысында осы жағдайдың барлық мән-жайлары қаралды, оның қорытындысы бойынша қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін ҚР Еңбек кодексінің 64-бабы 1-тармағы, 3-тармағы бойынша қатаң сөгіс түрінде осы педагогке тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды», - деп хабарлады Шахтинск қаласының білім беру бөлімінен.

Сондай-ақ, ведомствоның мәлімдеуінше, жағдайды реттеу мақсатында мектеп әкімшілігі 2021 жылғы 10 қыркүйекте педагогика және ата-аналар қоғамдастығы, педагогика этикасы жөніндегі кеңес мүшелерінің қатысуымен кеңейтілген ата-аналар жиналысын өткізеді, онда мұғалім осы оқиғаның себептерін баяндайды және әдепсіз мінез-құлқы үшін кешірім сұрайды.

Педагогика әдеп нормаларын сақтау және осындай жағдайлардың алдын алу мақсатында Шахтинск қаласының барлық жалпы білім беретін мектептерінде педагогика әдебі қағидаларын сақтау туралы мәселені қарастыратын педагогика кеңестерінің кезекті отырысы өткізіледі.