29 қыр, 2016 сағат 10:26

Ақтөбенің орталық базары маңында бір топ адамның ұсталуына қатысты полиция түсінік берді

Ақтөбе облыстық ішкі істер департаменті қаланың орталық базары маңынан бір топ адамның ұсталуына орай түсінік берді, - деп хабарлайды Ұлт.кз тілшісі ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«102» пультіне Ақтөбе қаласының орталық базары жанында жаппай төбелес орын алуы мүмкін деген ақпарат түсті. Шақырту түсісімен таяу маңдағы полиция кезекшілігі бірден оқиға орнына жіберіліп, жаппай төбелестің алды алынды», деп мәлім етті департамент баспасөз қызметінен. 

Ведомство ақпаратына қарағанда, қабылданған жедел шаралардың арқасында полиция қызметкерлері 15 күдікті адамды ұстады. Оларды қолға түсіру барысында арнайы құралдар мен қару қолданылмаған.

«Күдіктілерді тінту барысында олардан суық қару және мылтық табылған жоқ. Қазір барлық тергеу амалдары жүргізілуде. Қалада атыс болды деген ақпарат шындыққа жанаспайды. Қасақана жалған ақпарат тартқаны үшін жауапкершілік көзделгендігін естеріңізге саламыз», - деді Ақтөбе облыстық ІІД-нен.

Айта кетерлігі, ұсталған азаматтардың үстінен Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 449 бабы бойынша іс қозғалған. Аталған бапқа сәйкес, қоғамдық орындарда заттарды өзгеше тәсілмен сатып алу, сату, айырбастау немесе иемдену мақсатында кәсіпкерлік субъектісі болып табылмайтын адам жасаған, сондай-ақ бал ашу, қайыршылық, сексуалдық сипатта қызметтер көрсету не өзге де қызметтер көрсетуді күштеп таңу мақсатында тиісу, яғни мазалап өтініш білдіру жеке тұлғаларға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады.

Сонымен қатар осы баптың бірінші бөлігінде көзделген, әкімшілік жаза қолданылғаннан кейін бір жыл ішінде қайталап жасалған әрекеттер он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға әкеп соғады.