22 қар, 2021 сағат 17:15

Ақтөбенің бас дәрігері ревакцинациялауды өзінен бастады


Ақтөбеде ревакцинациялау басталды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев қайта иммундау шарасын өзінен бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысы бойынша 349 мыңға жуық адам вакцинаның бірінші, ал 323 мыңнан астамы екі компонентін де қабылдады. Бұл иммундау шарасына қатысуы тиіс тұрғындар санының 61 % құрайды. Бүгін өңірде ревакцинациялау басталды. Алдымен мұғалім, құқық қорғау қызметкерлері мен ақ халаттылар тартылады. Сонымен бірге жасы 60-тан асқан, иммунитеті төмен санатқа жататын адамдар да алғашқы топпен вакцина салдыра алады. 

«Мен өзім 1 ақпан күні вакцинаның бірінші дозасын қабылдадым. Ол кезде Спутник-V вакцинасын болды. 21 күннен соң екінші компонентін салдырдым. Содан бері 9 ай өтті. Бүгін еліміз бойынша ревакцинация басталып, өзім алғашқылардың бірі болып салдырдым. Vero Cell вакцинасын қабылдадым. Қан қысымымды, сатурацияны өлшеді. 30 минут бақылауда болып, әрі қарай жұмысымды жалғастыра беремін», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев. Оның айтуынша, қарапайым тұрғындар 1 қаңтардан бастап ревакцинациялауға қатысады.