Ақтөбеде 11 шағынаудан тұрғындары әкімдіктің шешімімен келіспеді. Стадион орнына тұрғын үй салмақ болған кәсіпкерге қарсылық білдірген олар өз ойларын ашық білдірді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Ақтөбе қаласы 11 шағын аудан тұрғындары «көпқабатты үй ауласындағы шағын стадионға тағы үй саламыз» деген ескертуді естіген кезде қарсылық білдірді. Олар бұл хабарды құрылыс компаниясынан біліп, абдырап қалмай, жиналып, өз ойларын ашық айтты.
«Қала әкімдігі зейнеткерлерге арнап сауықтыру орталықтарын ашты. Бірақ барар жер алыс. Сондықтан біз үй маңындағы стадионға келеміз. Осында жүреміз, серуендейміз. Күтімі нашар болса да бұл алаң біздің тынығатын орнымыз. Мұнда адам көп, ал демалыс орны жоқ. Өзіміз, балаларымыз, немерелеріміз үшін алаңды сақтап қалғымыз келеді»,- деді қала тұрғыны Қарашаш Өксікбаева.
Айта кетейік, бұл шағын ауданда орта мектеп те бар. Оқушылар да дене шынықтыру пәнінде шығып, жүгіреді.
«Спортшылар, балалар, ересектер де осы жерде спортпен шұғылданады. Мұны бәрі көріп жүр. Спорт алаңына тұрғын үй салу дұрыс емес», - қала тұрғыны Гүлнар Теміржанова.
Тұрғындардың наразылығын естілеген Ақтөбе қалалық әкімдігі шешімді қайта қарап шықты.
«Бұл жер қала меншігінде болды. Кейін «Нектар» өндірістік кооперативінің жеке меншігіне берілді. Сол кезде қалалық сәулет, қала құрылысы бөлімінің басшысы келіп, бұл туралы тұрғындарға түсіндірген. Тұрғындар өз қарсылығын білдірген соң қала әкімдігі «Нектар» өндірістік кооперативі басшысымен қайта келіссөз жүргізді. Келісім жасалды. Үй салынбайды. Жер учаскесі қалаға қайтарылады. Бір аптада шешімі шығады», - Ақтөбе қалалық жер қатынастары бөлімінің бас маманы Жәнібек Қабылов.