27 сәу, 2017 сағат 17:06

Ақтөбелік прокурорлар террористік мазмұндағы 290 материалды анықтады

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасы аясында қала мен 5 аудандағы 80 нысанның лаңкестік оқиғаға дайындығы тексерілді. Интернетте террористік мазмұндағы 290 материал анықталып, басым бөлігі жойылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» жобасын Бас прокуратура бастап, жергілікті әкімдік қолдап, қазіргі уақытта Ақтөбеде жұмыс әлі жалғасып жатыр. Ақтөбе қаласы мен Алға, Байғанин, Темір, Мұғалжар, Шалқар аудандарына биыл  әлеуметтік қызметкерлер мен дәрігерлер, теологтар мен имамдар, бизнес кеңесшілер тағы барды. Кездесу мектепте, мешітте, ауруханада, кәсіпорындарда ұйымдастырылған. Жат ағым жетегінде жүргендердің көшін бастап тұрған Темір, Мұғалжар, Шалқар аудандарында теологтар топтық емес, жеке әңгімелесу жүргізген. Әзірге 40 адам өз көзқарасын өзгертуге бейім екенін көрсетті. Тура жолға түсіру жұмыстары әрі қарай жалғасады. Прокурорлар бастаған жұмыс тобы террористік тұрғыда осал нысандарды назардан тыс қалдырмаған. Әрі интернеттен террористік мазмұндағы 290 материал табылып, оның 163-і жойылды.

«Тексеру кезінде 80-ге жуық террористік тұрғыдан осал нысан зерттелді. Олар: мектептер мен балабақшалар, базарлар мен қару сақталатын орындар, адам көп шоғырланатын нысандар. Бейнекамералар мен күзетшілердің жұмысында кемшіліктер бар. Нысан иесіне ұсыныстар берілді. Жауапкершілікке тартқан жоқпыз. Заң бойынша 100-ден 500 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл қарастырылған. Біздің мақсатымыз - жауапқа тарту емес, кемшіліктерді жою. Ал террористік мазмұндағы жазбаларға келер болсақ, Ақпарат және коммуникациялар министрлігіндегі техникалық қызмет біз берген сілтеме бойынша материалдарды жояды. Техникалық мүмкіндіктері болса бірден жойып жібереді. Мүмкіндіктері болмаса, сол сайттың әкімшісімен, иелерімен байланысады. Тағы бір айда бәрінің көзін жоямыз деген сенім бар», - деді Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков.

«Бизнесті дамыту» бағыты бойынша қаржы институттары арқылы 414 миллион теңге берілді. Тағы 235 миллион теңгенің бизнес жобасы мақұлданды.

«Ер-Нұр» шаруа қожалығына картоп тұқымын іздеп, оны жеткізу жолдарын шешіп бердік. Ал мүмкіндігі шектеулі жан Шілдебаевқа тігін машинасы сыйға берілді. Ол киім тігіп, кәсібін бастағысы келеді. «Бизнес бастау» курсына 285 адам жазылды. Ал 75 адам «Бизнес кеңесші» курсынан өтіп, арнайы сертификат алды. Бұл оларға мемлекеттік бағдарламаларға қатысып, кәсіппен айналысуына мүмкіндік береді», - деді Ақтөбе облысы прокурорының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сүйіндіков.

Ал «Әлеуметтік қолдау» бағыты бойынша 44 адам жұмысқа орналасты. Сонымен қатар 24 балаға жәрдемақы тағайындалды. Ауыл адамдарының денсаулығы тексеріліп, 300-ге жуық баланың тісі емделді. Барлығы 500-ден астам адам емделіп, оның 141-і аурухаға жатты. 100 оқушы сауықтыру орындарына жолдама алып, 25 адамға ота жасалды. Жоба аясында ауыл балалары үшін тегін білім алуға мүмкіндік туды. Жұмыс тобы 37 баланы іріктеп алып, олардың колледж бен лицейлерде тегін оқуына мүмкіндік жасамақ. Бір айға созылған жұмыс кезінде 7 топта 130-дан астам сарапшы еңбек етті. Олар 57 ауыл мен 5 қалаға барып, барлығы 100 мың адамды қамтыған кездесу өткізді.