Фото: «Диапазон» басылымы жасанды интеллект көмегімен дайындады
Ақтөбелік әйел казак қылышымен ер адамды абайсызда өлтіріп алды, деп хабарлайды Ult.kz жергілікті «Диапазон» газетіне сілтеме жасап.
Құрайлы кентінде екі әйел мен бір ер адам спирттік ішімдік ішіп отырған. Үй иесі әйел жатын бөлмеге кіріп, демалу үшін төсекке жатқан кезде, қасында ішімдік ішіп отырған ер адам оған жақындап, ұрып жіберіп, кейін казак қылышын (шаншып-кесетін, иілген пішіндегі суық қару) сермей бастаған. Алғашында әйел ер адамды сабырға шақырмақ болғанымен, одан нәтиже шықпаған. Сол кезде ол қылышты тартып алу үшін оның жүзінен де, сабынан да екі қолымен ұстап алған.
Жанжал кезінде қылыштың ұшы ер адамның бел тұсына тиіп, ол көп қан жоғалтып, көз жұмды.
Нәтижесінде 60 жастағы әйел сот алдында жауап берді, істі алқабилер соты қарады.
Алғашында оған кісі өлтіру айыбы тағылғанымен, сот процесі барысында іс «абайсызда болған адам өлімі» бабы бойынша қайта қарастырылды.
Үкім шығару кезінде айыпталушының жасы, жараланған адамға өзі көмек көрсетуге тырысқаны, сондай-ақ жәбірленушінің заңға қайшы әрі адамгершілікке жат әрекеттері ескерілді.
Алқабилер соты әйелді 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасына кесті. Осы мерзім ішінде ол ойын-сауық орындарына баруға тыйым салынып, жұмыстан кейін үйінде болуы тиіс. Белгіленген талаптарды бұзған жағдайда, жаза нақты мерзімге бас бостандығынан айырумен алмастырылуы мүмкін.
