12 қар, 2021 сағат 15:00

Ақтөбеге Pfizer вакцинасы келесі аптада жеткізіледі


Ақтөбеде 93 мыңнан астам бала мен жүкті әйел, баласын емізетін келіншек вакцинациялауға жатады. Қазіргі кезде мектепте және емханада вакцинациялау жұмыстарына дайындық пысықталып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақтөбе облысына Pfizer вакцинасы келісі аптада жеткізіледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаеваның айтуынша, Ана мен бала денсаулығын қорғау орталығының базасындағы орталық қоймаға 2 мұздатқыш камера әкелінді. 

«Вакцинациялауға 12 және одан жоғары жастағы жасөспірімдер, жүкті әйелдер, лактация кезеңіндегі әйелдер жатады. 12 жастан 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерді вакцинациялауды білім беру ұйымдарының егу кабинеттерінде жүргізу жоспарланып отыр. Ата-аналарының немесе заңды өкілдерінің қалауы бойынша жасөспірімдер медициналық ұйымның егу пункттерінде егілуі мүмкін. Вакцинация жүргізер алдында коронавирусқа КВИ мен антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева.

Айта кетейік, Ақтөбе облысы бойынша 93 мыңнан астам адамды Pfizer вакцинасымен егу жоспарланған. Оның 70 мыңнан астамы бала.