Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университеті 27 қытайлық компаниямен меморандумға қол қойды. Өңірдегі ірі оқу орны инвесторларға кадр дайындап, қытайлық мамандарға қазақ тілін үйретеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталған мемлекеттік университет Конфуций институтының жұмысын жандандырып жатыр. Қазақ-қытай студенттері жоғары оқу орындарының келісімімен бір-біріне барып, білімін жетілдіруде. Сонымен қатар, 20 оқытушы өзара алмасып, тәжірибелерін шыңдап жүр. Бүгін оқу орны Қытай инвесторларын қабылдап, кадр дайындау мен ғылымды дамыту жолында бірге жұмыс істеуге келісті.
«Университет пен компаниялар арасында серіктестік орнату, дуалды оқыту жүйесінің негізінде бірлесе білім беру, компаниялар базасында студенттерді іс-тәжірибеден өткізу, жұмысшыларды университетте біліктілікті арттыру курстарынан өткізу, ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүзеге асыру үшін алдын-ала келіссөз жүріп, бір байламға келдік. Университет өз тарапынан компаниялардың өндірістік сұраныстарына орай мұнай-газ ісі, экономика, филология мамандықтарында қосымша білім траекторияларын меңгеруге мүмкіндік беретін білім бағдарламаларын жасақтады. Сондай-ақ, мұнай-газ ісі, көлік, көлік техникасы және технологиясы, бейорганикалық, органикалық заттардың химиялық технологиясы, құрылыс мамандықтарында дуалды оқытуды енгізу қолға алынуда. Студенттер үшін практикалық, зертханалық сабақтар, дипломдық жобалар бойынша ізденістер, өндірістік тәжірибелер сол компанияларында ұйымдастырылатын болады», - деді Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Бауыржан Ердембеков.
Айта кетейік, ынтымақтастық меморандумына қол қойған компаниялар арасында «СНПС- Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Ұлы Қабырға» ЖШС-і секілді ірі өндіріс орындары бар. Бауыржан Ердембеков өндіріс орындарының басшыларына компания базасында университет кафедраларының филиалдарын ашуды ұсынды.
«Оқу орны мен Қытай компаниядары арасындағы келісім шартқа екі ай бойы дайындалдық. Мұнай-газ ісі, техникалық мамандық иелері мен тілшілерді сол компаниялардың сұранысына сай, жаңа технологиямен оқытуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, Конфуций институты арқылы Қытай компанияларын қазақтандыру мәселесі қолға алынды. Бұған дейін облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Қытай команиясының жұмысшыларымен кездесуінде ескерту жасаған болатын. Сұраныс бар, олар қазақ тілін үйренгісі келеді»,- деді университет ректоры.